Тілеуберді Ливандағы қазақстандықтардың жағдайы туралы түсініктеме берді

Жарияланды
Қазақстанның 113 азаматы Ливанда консулдық есепте тұр

Бейрутта болған жарылысқа қатысты ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді түсініктеме берді, деп хабарлады Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ливандағы Бейрут қаласының портында бірнеше қатты жарылыстар болды. Қалалық инфрақұрылымға зиян келтірілді, адам шығыны бар. 

Жарылыс туралы ақпарат алғаннан кейін біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазіргі уақытта Қазақстанның 113 азаматы Ливанда консулдық есепте тұр. Біздің дипломаттар олармен байланыста, қазақстандықтардың арасында зардап шеккендер жоқ. Өздеріңіз білетіндей, дипломатиялық миссия кеңсесіне де зиян тиген болатын, ол алдағы уақытта қалпына келтіріледі. Біздің қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері зардап шеккен жоқ.

Өздеріңіз білетіндей, Ливанда БҰҰ бітімгершілік контингенті бар, оның құрамына 120 қазақстандық жауынгер кіреді. Қазір олардың ротация процесі жүріп жатыр және алдыңғы күні біздің қазақстандық бітімгерлер қызмет өтетін орындарына аман-есен жетті.
 

Сондай-ақ оқыңыз