Ұлттық қордан алынған триллион теңге қайда жұмсалады?
2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, осы аралықта Ұлттық Қордан 8 триллион теңгеден астам қаржы алынады. Әлеуметтік төлемдерге кепілдік берілген трансфертерден бөлек, үкімет 2021 жылы Ұлттық қордан тағы да 1 триллион теңге көлемінде мақсатты трансферт тартпақ.
Жалпы, 2021-2023 жылдар республикалық бюджет шығыстарына 13,7 трлн теңге қарастырылған.
«Президент тапсырмасына сәйкес, 1 трлн теңге мөлшеріндегі нысаналы трансферт 2021 жылы мемлекеттік инвестициялардың ең төменгі қолайлы деңгейін сақтау үшін тартылады», делінген бюджет жобасының түсіндірмесінде.
Ұлттық қордан бөлінетін қаржының басым бөлігін – 540 млрд теңгені Инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрлігі алады. Осы қаржының жартысына жуығын, шамамен 244 млрд теңгені министрлік мемлекеттің қорғаныс саласына жұмсамақ.
Тағы 179 млрд теңге «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясындағы іс-шараларға, ал 116 млрд теңге 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қолға алынатын шаруаға жұмсалуы тиіс.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржылық қызметтің қолжетімділігін арттыруға 152,3 млрд теңге бағыттайды, атап айтқанда: мал басын көбейту, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға несие беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау үшін өңірлік бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттер есебінде бөлмек. Тағы 9 млрд теңге мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін қалыптастыруға жұмсалады.
Ал Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде моноқалалар мен өңірлерді дамытуға – 48,5 млрд теңге, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына және басым жобаларға кредит беруге – 66,2 млрд теңге, сондай-ақ, Ақмола облысы, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың шетіндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 19 млрд теңге жұмсауді жоспарлап отыр.
Энергетика министрлігі газ тасымалдау жүйесін дамыту үшін өңірлер мен бас қаланың бюджетіне 30,8 млрд теңге, ал жылу-энергетика жүйені дамытуға тағы 18,8 млрд теңге бөлмек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек»мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 68,2 млрд теңге алады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі пилотсыз ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құруға 23 млрд теңге және «KazSat – 2R» ғарыштық байланыс жүйесін құрып, пайдалануға беруге 3 млрд теңге бағыттайды.
Қаржы министрлігі «Астана «халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ-на мақсатты аударым ретінде 11,8 млрд теңге бөледі. Бұл шығын АХҚО органдары мен оның ұйымдарын, атап айтқанда АХҚО қаржылық қызметін реттеу жөніндегі комитет пен АХҚО биржасын дамытуға, кәсіби қаржылық даму жөніндегі бағдарламаны іске асыруға, сондай-ақ Қазақстанға шетелдік тікелей инвестицияларды тартуға бағытталатын болады.
Сауда және интеграция министрлігі «Qazexpocongress «Ұлттық компаниясы» АҚ-на шамамен 3 млрд теңге және «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің жарғылық капиталын толықтыруға 5 млрд теңге бөледі, ол өз кезегінде қазақстандық шикізаттық емес тауар өндірушілерді және сыртқы нарыққа қызмет жеткізушілерді қолдау үшін «KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-ның жарғылық капиталын еселейді.
Айта кетейік, Ұлттық қоржа жинақталған қор 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 4 млрд долларға қысқарды.