Қазақстанда контейнерлердің транзиттік тасымалдарының көлемі 37%-ға артты
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-тамыздағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Биыл 8 айдағы еліміздің өнеркәсіп саласындағы жұмыс нәтижелері туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Министр хабарлағандай, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 0,4% өсті. Тау-кен өндіру секторында түсті кендерді өндіру құрамында алтын бар кенді өндіруді артуы есебінен 1,4% өсті. Темір кен өндіру көлемі 0,9% өсті. Көмір өнімдерін тұтыну көлемінің артуына байланысты өсім 1,2% құрады.
«Өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі түсті металлургия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және басқа да салалар есебінен 3,3% өсті. Түсті металлургияда өндіріс көлемі тазартылған алтын өндіру көлемін 3%, бастапқы алюминийді 1%, құйма алтын 30%, түйіршіктердегі күміс 28% және басқа да көрсеткіштердің өсуіне байланысты нақты көлем индексі 2,7% артты», – деді Атамқұлов.
Қара металлургияда нақты көлем индексі 97,8% құрады. Бұл көрсеткіш болаттың, рельстердің, болат құбырлардың, шойын өндірісі көлемінің төмендеуіне байланысты болды.
Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,1% өсті. Бұл дезинфекциялық құралдар және минералды тыңайтқыштардың өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты.
«Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс көлемі 16,3% өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 51,8%, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 2,8%, өзге көлік құралдарын жасау 101,4%, электр жабдықтарды жасау 0,2% өсті», – деді министр.
Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 34,1% артты. «СҚ-Фармация» дистрибьюторы арқылы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу көлемі ұлғайтылды.
Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 11% өсті. Ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 7,2% және былғары өнімдердің 66,2% ұлғаюына байланысты болды.
Көлік саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында 83,9% құрады. Контейнерлердің транзиттік тасымалдарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37% артып, 564 мың жиырма фунттық баламаны құрады.
Ведомство басшысы хабарлағандай, көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 2,5 млрд тоннаны құрап, 7,5% төмендеді.
«Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында 106,5% құрады. Өсім құрылыс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіледі. 16 өңірде оң динамика байқалады», – деді министр.
Тұрғын үй құрылысында биыл 8 айдың қорытындысында 8 млн 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,4%. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 71 457 баспана пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы 14 өңірде байқалады.