Халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезекті смартфон арқылы қалай алдын ала брондауға болады?

Жарияланды
Азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылып отыр

Енді әрбір қазақстандық азамат үйден шықпай ақ халыққа қызмет көрсету орталығына кезек брондай алады. Ол үшін eGovMobile мобилді қосымшасын жүктеп, тапсырыс беру жеткілікті. 

Мобилді қосымшаға кіріп, өзіңізге жақын орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығын және күні мен уақытын таңдайсыз. Ол үшін «Арнайы қызметтер» бөліміне кіріп, «Кезекті онлайн брондау» командасын орындайсыз.  

ХҚКО-на кезекті брондауды барынша жеңілдету – аталған қызметті жүзеге асырудағы басты мақсат дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов. 

«Біз пайдаланушыларымыздың компьютерге әрдайым кіруге мүмкіндігі болмайтынын және қосымша арқылы кезекке тұру ыңғайлы және жылдам екенін түсініп, қызметті қосымшаға шығару туралы шешім қабылдадық. Қосымшада бірнеше қызметті таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, қазақстандықтар бір рет бару үшін үш қызметке дейін ала алады. Егер азаматқа бірнеше қызмет алу керек болса, келу мақсатын таңдап, «Бірнеше қызметтер беру» тармағын белгілеу қажет. Содан кейін брондау кезінде оған көп уақыт бөлінеді» деді Тұрысов. 

Әрине, мобилді қосымша мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді. Азаматтар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру» жаңа қызметін пайдалана отырып, өздерінің әлеуметтік есептемелерін тексере алады. 

Анықтаманы бар болғаны бірнеше минут ішінде аласыз. Сонымен қатар мұрағаттан құжаттар көшірмелерін жүктеп алу мүмкіндігі де қарастырылған. Ол үшін «Құқықтық көмек» бөліміне кіріп, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Арнайы мемлекеттік мұрағатынан мұрағаттық анықтамаларды және/немесе мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін алу» қызметін таңдау жеткілікті. 

Жалпы, мобилді қосымшада электронды үкіметтің 70-тен астам сұранысқа ие қызметі мен цифрлық құжаттардың 6 түрі енгізілген. Ал eGovMobile мобилді қосымшасын GooglePlay және AppStore-да жүктеп алуға болады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз