АШМ көктемгі егіс науқанына дайындық жүргізуде
АШМ көктемгі егіс науқанына дайындық жүргізуде. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік тұқым, дизель отыны мен ауыл шаруашылығы техникасын дайындау мәселелерін пысықтауда. ҚР АШМ облыс әкімдіктерімен бірлесіп егіс алқаптарының болжамды құрылымын әзірлеуде және 2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бақылауда ұстауда.
Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, ағымдағы жылдың 25 қаңтарында Қазақстанда 2,4 млн тонна тұқым, оның ішінде 2 млн тоннаға жуық дәнді дақылдар тұқымы, 80 мың тонна майлы, 22,2 мың жем-шөп, 331,7 мың картоп тұқымы дайын.
Осылайша, тұқымдарды дайындау деңгейі 98%-дан асты.
2021 жылғы егіс науқанына облыс әкімдіктері 382 мың тоннаға жуық дизель отыны қажеттігін мәлімдеген. Бүгінде ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп, әр облысты Мұнай өңдеу зауттарына бекіту кестесінің жобасын және егіс науқанына дизель отынының бағасын анықтау мәселелері қарастырылуда.
Сондай-ақ, еліміз бойынша ауыл шаруашылығы техникасы паркінің құрамы мен жай-күйі туралы өзекті сандық-сапалық мәліметтерді жинау және талдау жүргізілуде.