Дайын өнімге деген сұраныс төмендеген

Жарияланды
Есесіне шикізат пен материалдардың бағасы қымбат

Бүгін Ұлттық банк тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қойма, ауыл шаруашылығы сынды салалардың екінші тоқсандағы жай-күйі жайлы шолуын жариялады. Бұл – экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі.

Сауалнамаға өндіруші мен өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қойма ұстау бағытындағы 2,6 мыңнан астам кәсіпорын қатысқан. Олардың 60 пайыздан астамы ірі және орта кәсіпорындар. 

Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, 2021 жылдың ІІ тоқсанында тау-кен өндірісі, өңдеу саласы мен ауыл шаруашылығы салалары үшін бәсекелестіктің маңызы артса,  сауда, көлік және қойма, құрылыс саласында кері процесс жүрген.  

Соның ішінде сауда-саттық бәсекелестік әсеріне барынша тәуелді сала болып қалып отыр, бұл салада нарықтық бәсекенің бизнесіне ықпалын сезетін кәсіпорындар үлесі 40,1%-ды құраған. Ал өңдеу өнеркәсібінде – 31,6%, көлік және қоймалау саласында – 25,6%, құрылыста – 24,9%. Ал ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде бәсекенің ықпалы мүлдем төмен.

Көптеген кәсіпорындар  бизнес жүргізудегі негізгі кедергі – Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы деп атап өтіпті.  

Сауда кәсіпорындары үшін ең маңызды шектеуші фактор – өзге кәсіпорындар тарапынан туындайтын бәсеке. Ал өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары үшін – олардың өнімдеріне деген сұраныстың  төмендігі. 

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 26,8%-ы және өңдеу өнеркәсібінің 25,2%- білікті кадрлардыуң тапшы екенін атап өткен. Алдағы 12 айда барлық секторлар бойынша қаржыландыру деңгейі жалпы өзгеріссіз қалады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы және кен өндіру кәсіпорындарында қаржыландыру өседі деп күтілсе,  сауда мен құрылыс саласына құйылатын қаржы азаймақ. 

Инвестиция көлемін төмендетуді жоспарлап отырған кәсіпорындардың ең жоғары үлесі –  кен өндіру саласында, ең азы сауда саттық саласында екен. Қарастырылып отырған салалардың бәрінде инвестицияны арттыруды жоспарлап отырған кәсіпорындар үлесінен, оны төмендетуді жоспарлап отырғандардың үлесі артық. Қаржыландырудың негізгі көзі –  кәсіпорындардың меншікті қаражаты.

Осы ретте ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов 2021 жылдың ІI тоқсанында тау-кен өнеркәсібі, көлік пен қоймада сақтау саласынан  өзге салаларда дайын өнімге деген сұраныстың біршама нашарлағанын аңғаруға болады дейді. 

Өңдеу өнеркәсібі, сауда мен құрылыста сұраныстың азайғаны байқалады. Ауыл шаруашылығы бойынша сұраныс көрсеткіші теріс аймаққа ауысқан. 2021 жылдың 3-тоқсанында сұраныс өссе, тек ауыл шаруашылығында өседі деген болжам бар, ал басқа салаларда өсу баяулап, тіпті төмендеп кетуі де мүмкін деп тұжырымдайды маман. 

Екінші тоқсанда барлық салады шикізат, материалдар мен дайын өнім бағасы қымбаттаған. 2021 жылдың ІІІ тоқсанында бағаның өсу қарқыны баяулауы мүмкін. 

«Сөз болып отырған салаларда өндіріс көлемі ұлғайып, диффузиялық индекс өсу саласына өтті. Өңдеу өнеркәсібінде ең жоғары өсім бар. 2021 жылдың 3-тоқсанында бұл салада да өсу қарқыны бәсеңдейді деп күтілуде.Аталған салаларда бәсекелестіктің маңыздылығы жоғары деңгейде, яғни, бұрынғысынша сақталып отыр. Сауда кәсіпорындары нарықтық бәсекелестіктің ықпалынан шыға алар емес, мұнда кәсіпорындардың 40,1%-ы өз бизнесіне қатысты бәсекелестіктің әсерін сезді. Өңдеу өнеркәсібінде мұндай кәсіпорындардың үлесі 31,6%-ға, көлік саласында 25,6%-ға, құрылыс саласында 24,9%-ға жетеді. Ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібінде ең аз үлес (тиісінше 18,2% және 16,1%) байқалды» дейді Шаймарданов. 

Кәсіпорындар едәуір бөлігінің  (34,1%)іскерлік белсенділігін тежейтін басты кедергі – Қазақстан экономикасының жай-күйіне қанағаттанбау. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласы өнімге деген сұранысқа байланысты елеулі проблемаларды (тиісінше 30,9% және 27,6%) бастан кешіп отыр, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші кәсіпорындар білікті кадрлардың тапшы екенін (тиісінше 26,8% және 25,2%) алға тартқан. 

Сондай-ақ оқыңыз