Балалар шығармашылық және спорт үйірмелеріне тегін қатыса алады

Жарияланды
Павлодарда жан басына қаржыландыру жүйесі жүзеге асырылып жатыр

Павлодар облысында 1 мамырдан бастап жекеменшік шығармашылық үйірмелер тегін балалар мен жасөспірімдерге тегін сабақтар ұйымдастырады. Бұл – мемлекеттік-шығармашылық тапсырысты орындау аясында беріліп отырған мүмкіндік. Яғни, бұған дейін үйірмелер мен секциялар ақысын ата-ана төлесе, бұдан былай мемлекеттің өзі өтейді. 

Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше,  жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі толығымен цифрлық форматта іске асады. artsport.edu.kz порталы ата-аналардан шығармашылық үйірмелерге қатысу, ваучер алу, өтінімдерді тіркеу және беру үшін  арнайы әзірленген. Өз кезегінде жеткіншектер осы портал арқылы тіркеуден өтіп, 58 бағыттағы үйірмеге тегін қатыса алады. 

«Биыл мемлекеттік-шығармашылық тапсырысты іске асыруға  103,6 млн теңге бөлінді.  Осы мақсатта 1004 баланы қамту жоспарланған. Жыл сайын қаржыландыру көлемі мен балалар саны көбейетін болады» деп хабарлайды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы. 

Атап айтқанда, халық биі, эстрадалық би, эстрадалық вокал, гитарамен ән салу, домбырада ойнау, актерлік шеберлік, сурет салу, мүсіндеу, ағаш ою, компьютерлік графика сынды оқу курстары бар. 

Қазіргі таңда облыста  қызмет көрсететін 10 ұйым 19 өтінішті мақұлдаған. Мұнда 1474 бала үйірмеге тегін қатысуда.

Сонымен қатар, жан басына шаққандағы қаржыландыру спорт секцияларын ақысыз негізде ұйымдастыруға жағдай жасап отыр. Облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәуір Ерғабұловтың айтуынша, 16 спорт түрі бойынша 29 қызмет көрсетушімен келісім жасалды. Бұл ретте кәсіпқой спортқа қарастырылған қомақты қаржыдан 218 млн теңге жан басына шаққандағы қаржыландыруға бағытталды. 

 «Жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасының нәтижесінде 17 жасқа дейінгі 4 мың жеткіншек спорттық секцияларға қатыса алады. Бүгінде балалар мен жасөспірімдерге 2850 ваучер берілді», – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы. 

Жергілікті биліктің жоспары бойынша, келесі жылы аталмыш бағыттардағы жұмыстар жетілдіріледі. Мысалы, спорт секцияларды тегін ұйымдастыруға 1 млрд теңге қарастырылмақ. 
 

Сондай-ақ оқыңыз