Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді
Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,75%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,75% болады, деп хабарлайды ҰБ баспасөз қызметі.
«Шешім экономикада сақталып отырған инфляцияға қарсы қысым аясында қабылданды, оның нәтижесінде инфляция 2021 жылы 7,5-8,5% болжамды ауқымнан, әлемдік нарықтардағы бағалардың өсуінен, сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуінен және ел ішіндегі жоғары инфляциялық болжамнан жоғары қалыптасады. Сыртқы инфляциялық ахуал қолайсыз болып тұр. Бұл әлемдегі азық-түлік бағасының қымбаттауына, жеткізілім қатарының үзілістеріне, тасымалдау, шикізат пен энергия тасымалдаушылар құнының өсуіне, сондай-ақ ішкі сұраныстың қалпына келуіне байланысты. ФАО азық-түлік бағаларының индексі 2021 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының барлық шағын топтарына бағаның артуы нәтижесінде жылдық көрсетуде 32,8%-ға өсті» делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстанмен сауда әріптес елдердегі инфляция жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Қытайда көмір мен энергияны көп қажет ететін салалар өнімінің қымбаттауы салдарынан өндірушілер бағасының индексі 10,7%-ға дейін өсті. Биыл қыркүйекте ЕО-да жылдық инфляция 3,6%-ға дейін, Ресейде – 7,4%-ға дейін жылдамдап, жылдық мәнде 7,8%-ды құраған қазандағы апталық инфляция көрсетіп отыр.
Қазақстанда 2021 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 8,9% болды. Тамақ өнімдерінің қымбаттауы (жылдық инфляцияның жылдамдауына үлес қосуда.
«Азық-түлік инфляциясы жеміс-көкөніс өнімдері бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан 2021 жылғы қыркүйекте жылдамдауын жалғастырып, жылдық мәнде 11,5% болды. Жемшөп дақылдары, дизель отыны, электр энергиясы және бидай бағасының көтерілуі кезінде өндірушілердің өзіндік құнының өсуі нәтижесінде ет (10,3%), нан-тоқаш (8,7%) және сүт өнімдері (8%) бағасының жылдық өсуі азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне негізгі серпін болды. Әлемдік бағаның өсуі қосымша инфляцияға қарсы қысым көрсетеді. Мәселен, 2021 жылғы қыркүйекте етке ФАО индексі жылдық мәнде 26,3%-ға дейін, сүт өнімдеріне – 15,2%-ға дейін өсті, ал бидайға әлемдік бағаның өсуі 41% болды. 2021 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 7,5% болды. Осы жылдамдауға үй тұрмысындағы заттар, киім-кешек пен аяқ киім, ЖЖМ мен қатты отын бағасының жылдық өсуі негізгі үлес қосады. Киім-кешек пен аяқ киім бағасы импорттық тауарлар бағасының жоғарылауына, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және халықтың нақты ақшалай табысының өсуіне байланысты артуда. Өз кезегінде, өзіндік құнның өсуіне және экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты ЖЖМ мен қатты отын бағасы артты» дейді ҰБ.
Нақты сектордың даму серпіні ҰБ болжамына сәйкес келеді. 2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің оптимистік сценарийіне сүйене отырып, ІЖӨ өсуі 3,4% болды. Экономиканың қалпына келуі шикізат нарықтарындағы әлемдік бағалардың өсуі және карантиндік шектеулердің жеңілдетілуі аясында жалғасты. Өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ақпарат және байланыс салалары, мемлекеттік сектор жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар 2020 жылғы наурыздан бастап алғаш рет көлікте оң өсу қарқыны байқалды. Оптимистік сценарийге сәйкес биылғы жылы экономика 3,7-4,0%-ға өскен.