Түркістан: Келесте құны 80 млн теңгені құрайтын спорт кешені бой көтерді

Жарияланды (жаңартылды )

Кешен жалпы 5 спорт түрімен жастарды спортқа баулуды көздеп отыр

Түркістан облысы, Келес ауданының Алпамыс батыр ауылдық округінде құны 80 млн. теңгені құрайтын спорт мектебі бой көтерді. Аталған нысанға Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев арнайы барып, спорт нысанының мүмкіндіктерімен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік әріптестік жекеменшік бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында салынған ғимарат құрылысы өткен жылы бастау алған болатын. Мектеп жалпы 5 спорт түрімен жастарды спортқа баулуды көздеп отыр. Олар: шахмат, бокс, қазақ күресі, қол күресі және үстел теннисі. Екі қабатты ғимарат ішінде жастардың спортпен шұғылдануы үшін бар мүмкіндік жасалған. Атап айтсақ, қыс мезгілінде жылы еден, ішкі әжетханалар мен жуыну бөлмелері қаралған. Сонымен қатар заманауи үлгідегі спорт жабдықтары да ауыл жастары үшін қызметке сай тұр. Спорт мектебі басшысының айтуынша, бапкерлер жергілікті ауылдық округі аумағынан тартылады екен.

«Бұл спорт мектебін соғудан мақсатымыз — ауыл жастарын спортқа баулып, чемпиондарды дайындап шығару. Осындай ғимараттарды ауданымыздың әр ауылынан ашуымыз керек. Себебі чемпиондар ауылда жүр. Соларға жол көрсетсек, еліміздің атын әлемдік додаларда шығаратынына күмәнім жоқ», — дейді Алпамыс батыр спорт мектебінің басшысы Нұржан Мамешов.

Сондай-ақ оқыңыз