АҚШ қазақстандық Сбербанкке салған санкцияларын кейінге шегерді
АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы Сбербанкпен жасалған мәміле мерзімін тағы 3 айға созды. Яғни бүған дейін салынған санция өз күшіне 3 айдан соң еніп, банк 2022 жылғы 12 шілдеге дейін қалыпты режимде жүмыс істейді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен «СберБанк» АҚ ЕБ-нің бірлескен мәлімдемесінде Office of Foreign Assets Control (OFAC) бас лицензия шығарғаны жазылған.
Осы көрсетілген кезеңде банк штаттық режимде жұмыс істей береді. Банк клиенттері теңгемен және рубльмен жүргізілетін төлем мен аударым операцияларын (салық, баж салығы, әлеуметтік аударымдар, т.б.) кез келген сомада және қандай да бір шектеусіз жасай алады.
Бұған дейін OFAC ресейлік «СберБанк» ЖАҚ-қа және оның еншілес ұйымдарына қатысты оларды SDN-ге (Specially Designated Nationals) қосуды көздейтін оқшаулау санкцияларын енгізетінін туралы мәлімдеген еді.
Аталған қаржы ұйымы және оның басқа да еншілес құрылымдарына қатысты операциялар 2022 жылғы 13 сәуірге дейін аяқталуы тиіс болатын.
Тұтастай алғанда, ҚНРДА қазақстандық СберБанктің қаржылық жағдайы тұрақты және клиенттері алдындағы өз міндеттемелерін уақтылы орындап отыр деп мәлімдеді.
Банктің өз міндеттемелерін өтеуге мүмкіндік беретін 1,6 трлн теңге сомадағы жоғары сапалы несие портфелі бар. Қазіргі таңда Қазақстан СберБанкінде 400 млрд теңге мөлшерінде(гі капитал қоры жеткілікті.
6 сәуір күні қазақстандық Сбербанк пен Альфа банк АҚШ санкцияларына іліккені жайлы хабарланған еді. Бұл шектеу осы банктердің Америка Құрама Штаттарындағы активтерін бұғаттау, Америка Құрама Штаттарының азаматтары мен компанияларына олармен кез келген транзакция жасауға тыйым салуды қамтиды.