Қазақстанның банк және сақтандыру секторында қандай өзгерістер туындады?

Жарияланды
27 сақтандыру ұйымы бар, оның ішінде 9-ы – өмірді сақтандыру бойынша

Қазір отандық банк секторында 22 банк жұмыс істеп жатыр, соның 14-і – шетелдің қатысуымен жұмыс істесе, оның ішінде 11 банк – еншілес қаржы институты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторында позитивті өзгерістер бар екенін айтады. Агенттік сарапшыларының сөзінше, екінші деңгейдегі банктерде шамамен 11,5 трлн теңгені немесе активтердің 30,6%-ын құрайтын өтімділігі жоғары активтердің айтарлықтай қоры бар. Еркін өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

«Сектордың жиынтық активтері 2022 жылғы наурызда 1,1%-ға төмендеді, бұл негізінен корреспонденттік шоттардағы қалдықтардың және басқа банктерде орналастырылған салымдардың 22,6%-ға немесе 386 млрд теңгеге төмендеуі, сондай-ақ бағалы қағаздар портфелінің 5,6%-ға немесе 439 млрд теңгеге азаюы есебінен болды. 2022 жылғы 1 сәуірде активтер 37,8 трлн теңгені құрады. Банк секторының міндеттемелері наурызда, негізінен, клиенттер салымдарының 3,4%-ға азаюы есебінен 1,2%-ға қысқарды және 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 33,1 трлн теңгені құрады. Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы, көбіне, банктердің жиынтық міндеттемелерінің 77,5%-ын немесе 25,7 трлн теңгені құрайтын депозиттік портфельден тұрады» деп жазады агенттік.

Сондай-ақ сектордың капиталы да жеткілікті деңгейде. Жылдың үшінші айында банктер экономикаға 19,2 трлн теңге несие берген. Бәлкім, соның арқасында наурызда таза табыс 358,9 млрд теңгені құраған.

«2022 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша салалар бойынша алғанда банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,3%), сауда (11,4%), құрылыс (3,4%) және көлік (2,7%) сияқты салаларға тиесілі. Басқа салаларға – кредиттердің 68,2%-ы. Банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі – 14,5%-ды (2022 жылғы 1 наурызға – 12,2%), жеке тұлғаларға 18,0%-ды (жылдың 1 наурызына – 18,4%) құрады» делінеді хабарламада.

2022 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредит портфелінің жалпы көлемінің 3,6%-н құрады (2022 жылдың басында – 3,3%). ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 4,3 пайыз болған (2022 жылғы қаңтарда – 3,4%). Жеке тұлғалардың портфелінде – 3,7% (2022 жылғы қаңтарда – 3,7%).

Ал отандық сақтандыру нарығында 27 ұйым жұмыс істейді, соның ішінде 9-ы – өмірді сақтандыру саласында.

Наурызда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері  2,0%-ға азайып, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,9 трлн теңгені құрапты. Активтердің төмендеуі негізінен шетел валютасындағы активтерді қайта бағалаумен байланысты  болған.

«Активтер құрылымында барынша жоғары үлесті (жиынтық активтерден 69,5%1,3 трлнтеңгені құрайтын бағалы қағаздар алады, олар доллар мен еуро сияқты номинирлеудің негізгі валюталарының наурызда құнын тиісінше 5,8% және 6,4% жоғалтуына байланысты негізінен шетел валютасында номинирленген бағалы қағаздарды қайта бағалаудың есебінен наурызда 6,3%-ға немесе 89 млрд теңгеге төмендеді.Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2022 жылғы наурызда 1,5%-ға немесе 18 млрд теңгеге төмендеді және 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,2 трлн теңгені құрады. Міндеттемелердің азаюы, негізінен, РЕПО операциялары көлемінің төмендеуі есебінен болды» деп мәлімделген хабарламада.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2022 жылғы наурызда 3%-ға немесе 21,8 млрд теңгеге төмендеп, 738 млрд теңгені құраған. Теріс серпін инвестициялық қызмет бойынша шығынның есебінен туындады дейді. Наурыздағы таза шығын 8,1 млрд теңге көлемінде деп бағаланады. Ал жыл басынан бергі таза пайда – 30,7 млрд теңге.

«2022 жылғы наурызда жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 951 389 шартты құрады, бұл 2022 жылғы ақпанмен салыстырған 11,7%-ға артық. 2022 жылдың басынан бері жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 2 499 389 шартты құрады, бұл 2021 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға артық. Бұл өсім, негізінен, жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жасалған шарттар санының 83 539 шартқа немесе 35,3%ға, ауырған жағдайда сақтандыру бойынша 72 943 шартқа немесе 106,3%ға және өмірді сақтандыру бойынша 53 525шартқа немесе 11,8%-ға ұлғаюына байланысты».

Сақтандыру саласындағы сыйлықақы дегеніміз – азаматтардың өзін сақтандыру үшін компанияларға берген ақшасы. Сыйлықақылардың көлемі 2022 жылдың 3 айында 206,9 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 8,4%-ға артық екен. Жыл басынан бері міндетті сақтандыру бойынша 31 млрд теңге жиналған. Бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,5%-ға артық. Өсім, негізінен, қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша болды, атап айтқанда 2,2 млрд теңгеге немесе 29,3%-ға ұлғайған.

Сондай-ақ оқыңыз