ҚР ИИДМ Вице-министрі Алмаз Ыдырысов ҮАААЖ-дағы жұмыс барысын тексерді
Республикалық маңызы бар жол құрылысы нысандарын инспекциялау аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Үлкен Алматы айналма жолына барды. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
I А техникалық санаттағы автожолдың жалпы ұзындығы 66 шақырымды құрайды. ҮАААЖ жобасын «Алсим Аларко-Макйол – СК Экоплан – Корея Экспрессвэй» түрік – корей консорциумы жүзеге асыруда.
«Бірінші кезекте, ҮАААЖ құрылысының мақсаты қала көшелерін транзиттік көліктен түсіру болып табылады. Оны жобалау кезінде, әлбетте, алматылықтардың пікірі ескерілді. ҮАААЖ азаматтарға ыңғайлы болу үшін салынуда. Қазіргі уақытта барлық ұзындықта толық ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды уақытылы және сапалы орындау біздің министрліктің ерекше бақылауында», – деп атап өтті вице-министр.
Жұмыс сапары барысында Алмаз Ыдырысов Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа бірқатар тапсырма беріп, жергілікті маңызы бар жолдар желісі үшін жауапкершілік әкімдіктің мойнында екенін еске салды. ҚР ИИДМ Вице-министрі ағымдағы жылдың соңына дейін негізгі жұмыстарды аяқтау мақсатында құрылыстың жоғары қарқынын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Айта кетерлігі, айналма жол бойында динамикалық өлшеу жүйесі (WIM) қолданылатын болады. Аталған технология көліктің салмағы мен өлшемдерін толық тоқтаусыз өлшеуге мүмкіндік береді. ҮАААЖ негізгі пайдаланушылары ауыр салмақты транзиттік көлік құралдары болатындығын назарға ала отырып, автоматтандырылған өлшеу жүйесін енгізу автожолды пайдалану мерзімін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Қазіргі уақытта құрылыс нысанында 1652 адам мен техниканың 541 бірлігі жұмылдырылған. 51 шақырымда жер жұмыстары орындалды, 52 шақырымда төменгі қабат төселіп, 10 шақырымда қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон жабынынан жоғарғы қабат салынды.
Бұл жобада қиыршық тасты-мастикалық асфальт оның өнімділігі мен тозуға төзімділігіне байланысты қолданылуда. Әлемдік тәжірибеде ол қозғалыс қарқыны жоғары жолдарда берік жол жамылғысы ретінде қолданылады. Сонымен қатар, ол, әсіресе жаздың ыстық мезгілінде, жолтабандарға қарсы өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Бұдан бөлек, көпірлер салу жұмыстары 96%-ға орындалды. Электрмен және газбен жабдықтау желілерінің 179 данасы шығарылды. Сондай-ақ, 106 су өткізу құбыры салынды.
Мамандардың есептеуінше, Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы мегаполис көшелерін 60%-ға жеңілдетіп, экологиялық жағдайды жақсартпақ. Шарттың талаптарына сәйкес жұмыстарды аяқтау мерзімі 2023 жылға көзделген.