Кез келген тілді тез үйрену тәсілдері
Тіл білуге қатысты кедергіге кезігіп көргенсіз бе? Бәлкім, демалысқа шетелге шығып, жергілікті тілде не халықаралық тілдердің бірінде сөйлей алмай, қиналған боларсыз? Ондайда «енді дұрыстап кірісіп, тіл үйреніп алам» деп айтатыныңыз анық. Дегенмен жеме-жемге келгенде үйренбей, бастауын бастап, соңынан тастап кететіндер көп. Негізі кез келген тілді үйренуге болады. Әрі ол айтарлықтай қиын да емес. Бәрі өзіңізге, сіздегі құлшынысқа байланысты. Бүгінгі материалымызда тілді тез үйренуге арналған кеңестерді бөлісеміз.
«Тіл үйрену қиын» деген ойды миыңыздан алып тастаңыз
Негізі көп нәрсе басыңыздағы ойға тікелей байланысты. Яғни егер сізде «үйрене алмаймын, күрделі» деген ой тұрса, оқу процесі қиындай түседі. Сондықтан алдымен өзіңізді сендіріңіз. Тіл үйрену анау айтқандай қиын емес. Егер сіз «тіл үйренуді бала кезде, оқушы шақта үйренбесе, кеш болады» деген пікірде жүрген болсаңыз, мұныңыз қате екенін білгейсіз. Ғалымдардың «баланың миы губка секілді, сіңіріп алады. Жас ұлғайған сайын адамда есте сақтау қабілеті азаяды» дегенін естіп алып, тіл үйрену туралы ойыңыздан бас тартуға болмайды. Енді бірі тіл үйренуді генмен байланыстырады. Ол тіпті қисынға келмейді. Сондықтан ең бірінші кезекте, тіл үйрене алатыныңызға өзіңіз сеніңіз. Сол ойды толық қабылдаңыз. Сосын барып үлкен сеніммен іске кірісіңіз. Шет тілін білу деген мақсатты нақты қойыңыз да, сол бағытта жұмыс істеңіз. Әрмен қарай сізден керегі әрекет қана. Мақсатыңыз айқын болсын. Алға жылжуға құлшыныс тудыратындай мақсат қойған жақсы. Сонда миыңыз да жақсырақ қабылдап, ақпаратты дереу қорытып отырады. Әйтпесе, еріккеннен ағылшын тілін үйрену жоспары сол күйі орындалмауы мүмкін. Ал оның орнына Американың ТОП университетінде оқу мақсаты сізге алға жылжуға көмектеседі. Болмаса, жоғары жалақы беретін, тұрақты тұруға шақырту беретін үздік компанияда істеуге тек тіл деңгейі жетпей тұрса, үйренуге мотивация оянады.
Тілді тегін үйреніңіз
Егер сізге академиялық деңгейге тез арада жету керек болмаса, тілді тегін үйреніңіз. Бүгінде интернетте түрлі ақпарат бар. Солармен-ақ, үйреніп ала аласыз. Иә, еркіңізге қарай ақылы курстарға жазылып не ақылы бағдарламалар сатып алсаңыз болады. Дегенмен ешқайсысы сізге ақпаратты миға құйып бере алмайды. Яғни бастысы сіздің құлшыныс қана. Тегін үйренуге мүмкіндік болып тұрса, ақша құртудың қандай қажеті бар? Youtube-канал, мобайл аппликейшн, сайттардың неше түрі бар. Әрі көпшілігінде кәдеге жарайтын, құнды ақпаратты әбден табуға болады. Мынадай сервистерді қарап көріңіз: Interpals және My Language Exchange – шет тілдерін үйрететін ұстаздар табуға болатын сайттар, Internations, Meetups Are, Couchsurfing, Polyglot Club – шет тілде сөйлейтін адамдарды қызығушылығыңызға сай табуға мүмкіндік беретін сайттар. Әрі өзіңіз тұратын жердегі шетел азаматтарын да тауып ала аласыз. Lang-8 – шет тілінде жазу шеберлігін дамытуға көмектесетін сайт. Forvo – әлемнің барлық тіліндегі сөздердің айтылуы жинақталған база.
Басты ережелерін түсініп алыңыз
Кез келген тілді үйренуді бастаған кезде басты яки негізгі ережелерді жақсылап түсініп алу шарт. Яғни сөз таптары, сөйлемді қалай құрайды дегендей. Міндетті түрде сол тілдегі барлық сөзді жаттап алу керек деген ереже жоқ. Әрі сізге орта деңгей жеткілікті болса, онда тіпті жарасы жеңіл. Азғантай ғана сөздік қордың өзі сөз тіркесі мен сөйлем құрауға жеткілікті. Ең дұрысы, үйренгіңіз келетін тілде көп оқып, көп тыңдаңыз. Сол тілде сөйлейтін достар тауып, көбірек тілдесіңіз. Көбіне бір тілді үйрену үшін 300-ге жуық негізгі сөздерді білсеңіз жетіп жатыр. Сөздік қор біртіндеп молаяды. Яғни оқыған сайын, тыңдаған сайын миға жаттала береді.
Мақсатыңыз айқын болсын
Жоғарыда айтқанымыздай, тіл үйрену үшін үлкен мотивация керек. Ол дегеніміз — нақты мақсат. Егер сізде жай ғана тіл үйрену деген мақсат болса, онда процесс созылып кетеді. Сондықтан бұл жерде нақтылық аса қажет. Белгілі бір уақыт аралығын, белгілі бір оқу не жұмысты мақсат етіп алыңыз. Сонда әрмен қарай не істеу керегін айқынырақ жоспарлайсыз. Мысалы, екі күнде әліпбидегі барлық әріптің айтылуы мен жазылуын жаттап шығуға бекініңіз. Одан кейін бір аптада 100 сөз жаттауға мақсат қойыңыз. Қазір интернетте ақпарат көп дедік. Соның ішінде ең жиі қолданылатын негізгі сөздердің дайын тізімі бар. Қаласаңыз, дайын карточка түрінде, суретімен де толып тұр. Соларды шығарып алып, жаттай беріңіз. Мұны мнемотехника әдістері дейді. Бұл дегеніміз бір тілде неғұрлым көп сөз жаттауға мүмкіндік беретін тәсілдер. Ол әрі жадты жақсартуға керемет көмектеседі. Сіз ақпаратты қалай алғанды жақсы көресіз? Визуал әлде аудиал? Соған қарай қолайлы тәсілді алыңыз. Егер визул қабылдауыңыз жақсы болса, онда суреттер арқылы ассоциация жасасаңыз болады. Болмаса, ұқсас сөздерді есте сақтау, белгілі бір жағдаймен байланыстырып жаттау, оқиғалармен байланыстыру деген әдістерді де көріңіз. Осындай мнемотехниканы күнделікті қолданатын болсаңыз, нәтижесі көп күттірмейді. Бір сөзді еске түсірерде немен байланыстырғаныңызды ойласаңыз, сап етіп ойыңызға келе қалады. Әрі қызық, әрі көңілді. Сағаттап отырып сөз жаттағаннан миыңыз шаршап, кері әсер бермес үшін осындай әдістерді қолданып көруге кеңес береміз.
Тілді шетелде ғана үйренуге болады десеңіз, қателесесіз
Французша үйрену үшін міндетті түрде Францияда тұрудың қажеті жоқ. Бұл да — мидағы шектеу. Тіл үйрену процесін кейінге шегеріп тұрған да себеп осы болып шығуы мүмкін. Өйткені түптің түбінде өзіңіз сенімсізсіз. Ал негізі тұрып жатқан еліңіздегі мемлекеттік тіл басқа болса да, жаңа тіл үйренуге еш кедергі жоқ. Тіпті сол тілде сөйлейтін елге көшіп барғандардың ішінде де әлі тіл үйренбегендерді табуға болады. Соған қарап-ақ ойлана беріңіз. Демек, мәселе сізде ғана. Бастысы, құлшыныс пен қажырлы еңбек. Айтқандай, интернеттің шексіз мүмкіндігін пайдаланыңыз. Өзіңізді қызықтырған тілде сөйлейтіндерді тауып алу оңай. Солармен күнделікті байланысқа шығып, сөйлесіп тұрсаңыз болады. Тіпті таппаған күннің өзінде сол тілдегі сайттарды оқыңыз. Кемінде жаңалықтарды оқу арқылы сөздік қорды молайта аласыз. Назарыңызға бірнеше пайдалы ресурс ұсынамыз:
- Tunein, Lixty – әлемдегі біраз елдің онлайн-радиосы
- YouTube Trends Abroad – видеоматериалдың түр-түрі бар
- Deutsche Welle — немісше канал
- France24CNN – французша канал
- CNN Espanol – испанша канал
Әлеуметтік желілерді белсенді қолданыңыз
Бұл — алдыңғы кеңестің жалғасы. Сайттар көңіліңізден шықпаса, басқа да балама жетіп артылады. Мысалы, Skype не өзге де әлеуметтік желілер. Әрі бұл әдісті қолдану сізге айтарлықтай қиындық тудырмайды. Сіз қалаған тілде сөйлейтін адамның аккаунтын тауып алып, байланысқа шығып тұрсаңыз болады. Біреуімен жазбаша, біреуімен видео байланыс арқылы сөйлесуге болады. Бастапқыда тіл табысу үшін сөздік қолдансаңыз болады. Сөйтіп біртіндеп ашылып сөйлесу арқылы өзіңізді сенімдірек ұстап, тәжірибе арқылы тіл деңгейіңізді көтере аласыз. Бастысы, қателесуден қорықпаңыз. Ол сіздің ана тіліңіз болмағандықтан түрлі қате жіберуіңіз мүмкін. Қалыпты жағдай деп қабылдаңыз. Оған бола ұялып, қысылудың қажеті жоқ. Енді-енді үйреніп жатқандықтан, қарсы тарап сізді түсінеді. Мазақтамайды. Барлығы осылай кішкентай қадамдардан басталады.
Перфекционист болмаңыз. Бәрі бірден керемет болып кетпейді. Біртіндеп қана деңгейді өсіресіз. Сәл қате қолданыс үшін өзіңізді жазғыратын болсаңыз, уақыт өте келе тіл үйренуге деген құлшынысыңыз өшіп қалуы мүмкін. Өзіңізді мақтай біліңіз. Әр үйренген сөзге қуаныңыз. Жаттаймын деген сөздерді бірден қолданысқа енгізіп, олармен сөйлем құраңыз. Көз алдыңызда көрінген нәрсенің бәрін ойша бір жағдайға біріктіріп, сипаттап көріңіз. Бұл әдістер сізге жақсы көмектесуі керек. Егер күнделікті уақыт бөліп, көңілді әдістер қолдансаңыз, шамалы уақыттан кейін-ақ деңгейіңіздің өскенін байқайсыз. Сөйлемдерді де еркін құрайтын боласыз. Кейін сөздік қор әжептәуір көбейгенде күрделірек формаларға ауысса болады. Егер сізге ауызекі сөйлесу деңгейінде білу жеткілікті болса, онда тіпті қиындық жоқ. Бастысы, «тіл үйрену үшін жас, білімді, пысық болу керек, әйтпесе үйрене алмаймын» деген ойды басыңыздан шығарып тастаңыз.