Алматылықтар 300 мыңнан аса жеке куәлік пен паспорт алды
Жыл басынан бері Алматы ХҚО-ларынан 303 854 адам төлқұжат пен жеке куәлік алды. Паспорт пен жеке куәлікті алу қызметі әлі онлайн режимінде қолжетімді болмай тұр. Бұл құжаттарды рәсімдеу үшін міндетті түрде ХҚО-ға жүгіну қажет.
«Қызмет эксаумақтылық қағидаты бойынша көрсетіледі, Азаматтар өзінің тіркелген мекенжайына қарамастан кез келген ХҚО-ға бара алады. Егер төлқұжатты алу үшін бірінші рет келіп тұрса,тек жеке куәлік қажет болады. Егер төлқұжаттың мерзімі аяқталса, оны мерзімі аяқталғанға дейін 1-2 ай бұрын ауыстыра алады. Төлқұжаттың мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа төлқұжат алу үшін өтініш білдірсе, кешіктіргені үшін айыппұл қарастырылмайды. Баланың төлқұжатын рәсімдеу кезінде оның туу туралы куәлігін ұсынып, баж салығын төлеу қажет. Қызметке өтініщ білдіру үшін баланың ата-анасының бірі келуі міндетті», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Абдурасул Кулдашов.
Бүгінде төлқұжат үшін мемлекеттік баж – 8 АЕК (2022 жылдың 1 қаңтарында белгіленген АЕК) немесе 24 504 теңге. Қызмет көрсетудің стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні.
Алайда, қосымша төлем жасау арқылы бұл процесті жеделдетуге болады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе тұрғындары процесті осы әдіс бойынша үш күннен бір жұмыс күніне дейін қысқарта алады:
1 жеделділік санаты – 1 жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
2 жеделділік санаты – 3 жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыс орталықтары үшін басқа әдіс қарастырылған:
1 жеделділік санаты – 3 жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
2 жеделділік санаты – 5 жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Ал аудандар мен облыстардағы қалалар үшін тек үшінші санат қолжетімді: 1 116 теңге қосымша төлем арқылы 7 жұмыс күніне дейін жеделдете алады.
«Жеке куәлік алу жайлы айтар болсақ, ҚР азаматтары жеке куәлікті 16 жасқа толған кезде алады. Осы жасқа жеткен кезде құжатты бір ай ішінде рәсімдеу керек, әйтпесе 7 АЕК немесе 21 441 теңге айыппұл төлеу керек болады. Сонымен қатар, егер мерзімі аяқталған жеке куәлік бір ай ішінде жаңартылмаса, дәл осы мөлшердегі айыппұл қарастырылған. Егер айыппұлды бір апта ішінде төлейтін болсаңыз, онда сомма 50 пайызға төмендейді. Егер сізде паспорт бар болса, жеке куәлікті рәсімдеу үшін оны да өзіңізбен бірге алып келу керек», – дейді Абдурасул Мақсұдұлы.
Бұл ретте жеке куәлік үшін мемлекеттік баж 0,2 АЕК немесе 613 теңге болады.
Қызметті төлқұжатпен бірдей әдіс бойынша жеделдетуге болады. Сонымен қатар, жеке куәлік пен төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған клиенттердің жеңілдетілген санаты бар. Олар:
• ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар;
• Кеңес одағының батырлары және Социалистік еңбек ерлері;
• барлық топтағы мүгедектер, сондай-ақ бала кезінен мүгедек болған клиенттің ата-анасының бірі;
• қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелерде тұратын егде жастағы адамдар;
• жетім балалар және балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• «Батыр Ана» атағы бар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған көпбалалы аналар;
• Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.
Айыппұл төлемеу үшін, азаматтар өз құжаттарын уақытылы ауыстырғаны жөн.
Ақпарат «Азаматтарға арналған үкімет» баспасөз қызметінен алынды