Қарызды дұрыс беру жолдары
Қарыз беру — оңай іс емес. Өйткені араны алшақтатып, суытып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан әлдекімге қарыз бермес бұрын он ойланған жөн. Бұған дейін қарызды қысылмай сұрау жолдарын бөліскен едік. Ал бүгінгі материалымызда қарызды қалай беру керек, нені ескерген дұрыс — сол туралы айтамыз.
Дилемма: қарыз берсем бе, жоқ па?
Адамшылыққа салсақ, қолда барды аямаған жөн дейміз. Соның ішінде, мұқтаж болып тұрса, неге көмектеспеске? Десе де, қарызды аларда іші-бауырыңызға кіріп, берерде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындар да болады. Сондай жағдайға тап болмас үшін қарыз берердің алдында дұрыстап ойлану қажет. Мысалы, Арман ипотекаға үй алды. Оған әупірімдеп жүріп жөндеуден өткізді. Оның ақшасын да кредитке алған. Сөйтіп енді көшіп келгенде пәтерінен су кетіп, өз үйіне де, төмендегі көршісінің пәтеріне де әжептәуір залал тиді.
Енді осыдан шығу үшін ол сізге келіп, қарыз сұрады. Әлбетте, мұндай жағдайды алдын-ала ешкім болжай алмайды. Сондықтан түсіністік танытқыңыз келіп тұратыны белгілі. Сол себепті де сізге келіп, сізден көмек сұрап отыр. Неге банктен қарызға алмайды деп ойлайсыз. Дегенмен кім болса да пайызсыз алғысы келетіні белгілі. Әрі ай сайын белгілі бір күні қайтармаса, өсімпұл қосылмайтыны тағы бар. Болмаса, ешкімнен көмек сұрамастан кредит ала қояйын десе де, тарихы нашар. Оған еш банк қарыз бермейді. Содан амалсыздан айналадағы ағайын-туыс, дос-жаранға хабарласады. Қарыз алатын адамға біреуден ала салу — ең ұтымды нұсқа. Бірақ берушіге сондай бір жақсы деп айта алмаймыз. Өйткені алда не болары белгісіз. Ендеше, осыған ұқсас жағдайда «айлыққа дейін бере тұршы» немесе «жарты жылда бөліп төлеп, құтыламын» десе, өзіңізге қоюыңыз керек сауалдарды шолып шығыңыз.
- Ақша не үшін керек боп тұр? Мұнда біреудің жеке шаруасы деген нәрсе жүрмейді. Өйткені ақша — сіздікі. Оның қандай мақсатқа жұмсалатынын білуге толықтай құқығыңыз бар. Егер жауап бере алмай, қипақтақ, қашқақтай бастаса, бермей қойсаңыз болады. Бәлкім, ол құмар ойындарына жақын адам шығар?
- Қарыз берген соң өзіңіз басқадан қарыз сұрауға мұқтаж болып қалмайсыз ба? Мейлі аз, мейлі көп сұраса да, өзіңізде ішкі есеп болуға тиіс. Қалтаңыздағы соңғы ақшаны беріп жібермеңіз. «Атам қазақ астындағы атын сойып беретін болған» деп отыратын заман өтті.
- Бұл ақша қайта ма, әлде қайтпай қалуы мүмкін бе? Мысалы, банк автонесие берген кезде «жоқ дегенде машинаны кепілдікке алып қоямын. Қарызымды ала алмай жүрмеймін» деп сенімді болады. Ал сізде қаншалықты кепіл бар?
- Жағдайыңыз тұрақты ма? Егер онсыз да дағдарыста жүрсеңіз, басқаны жарылқауға әуес болмаған дұрыс. Айналада бәрі қымбаттап жатқанда ақша артық болмайды. Одан қайта өзіңізде қор болып тұра бергені дұрыс болуы мүмкін.
Қарыз сұраған адамды сіз жақсы тануыңыз керек. Қомақты сома емес, азын-аулақ ақша сұрап, «мына күні қайтарам» деп уәде берсе, онда қарызға беріңіз. Ал енді ірі көлемде сұраса, онда шешім қабылдауға асықпаңыз. Мұндайда жақсылап ойлану керек. Әлгі адам қаншалықты қайтара алады — соны тексеріп алыңыз.
Қалай сынауға болады?
Банктен қарыз сұрасаңыз, сіздің қаншалықты сенімді адам екеніңізді тексеріп алады. Сол сынақтан өткен кезде ғана кредитіңізді мақұлдайды. Бұл жүйені таныстар арасындағы қарыз берген кезде де қолдануға болады. Айлығы бар-жоғы белгісіз немесе табысы басындағы кредиттен артылмайтын, несиесін төлемей қашып жүрген адамға ақша бермейді емес пе? Ал енді тұрақты табысы бар, басында кредиті жоқ немесе болса да аз, уақытылы төлейтін адамға сенімді деп баға береді. Әлбетте, досыңыздың қолына сауалнама беріп, кредит бюросынан ақпаратты шығарып келуін сұраған ыңғайсыз. Олай болса, оның қаншалықты қайтаратын адам деген сипаттамаға келетін-келмейтінін қалай тексеруге болады? Осы туралы айтайық. Әлдекім сізден қарыз сұрағанда мына нәрселерге мән беріңіз:
- Тұрақты жұмысы бар. Егер ол адамның ай сайын түсіп тұратын табысы жоқ болса, онда күмәндану керек;
- Қаншалықты жақсы танисыз, қашаннан бері араласасыз? Кеше ғана танысқан немесе алыстан араласқан адам болса, онда беруге асықпаңыз. Өйткені ол адам зып беріп жоғалып кетуі мүмкін;
- Өмір салтына мән беру керек. Мысалы ол адамның басында проблема көп, үнемі ақшасыз жүретін болса, ішетін, есірткіге әуес, құмар ойындарын ойнайтын болса, ешқашан ақша бермеңіз.
«Бере алмаймын» деп айтқанда тұрған ештеңе жоқ. Себебі сіз қалтаңыздағы қаражатты жырып бергелі жатырсыз. Алуын алып, берерде қинап қойса, қайтесіз? Негізі адекват адам қарыз сұрағанда «жоқ» деген жауап алса, ренжімейді.
Қанша сома беру керек?
Әрине, нақты сома айту мүмкін емес. Өйткені әр жағдай әр түрлі соманы қажет етеді. Егер қандай да бір келісімге ойланбастан «иә» дей салсаңыз, салдары өзіңізге қиын болуы мүмкін. Өзіңізде қалған соңғы 10 мың теңге екенін ұмытып, беріп жіберсеңіз, басқа біреуге қарыз кіруге тура келеді. Бір адамның көзінше жақсы көрініп, «он мың теңгесі жоқ бейшара екен» демесін деп бере салу сау ақылға сыймайды. Өйткені соңғы ақшаңызды бергеніңіз басқа біреуден сұрайтыныңызды білдіреді. Сонда ол адам сіз туралы «осының ақшасы айлықтан айлыққа жетпейді» деп ойлағаны жақсы ма?
Айтқандай, соманы әркім өзі бекітеді. Бастысы, табысы мен қаржылық жағдайын жақсылап ескерсе болғаны. Кредит алып жатқан кезде, мәселен, оның төлемі сіздің жалақыңыздың 30 пайызынан аспауы керек. Қарыз бергенде де осы принципті ұстанған жөн. Яғни сол берген сома сіздің өміріңізге ешқалай әсер етпейтіндей болсын. Қорда тұрған ақшаны да түгел бере салмаңыз.
Банктегідей келісімшарт жасасуға кеңес береміз. Мысалы шынайы келісімшартта барлығы үтір-нүктесіне дейін жазылады. Былай болса не болады? Мынадай жағдайда қалай шешіледі? Бәрі тізіледі. Негізі қарыз берген кезде осындай келісімшарт жасаған абзал. Ол үшін арадағы келісім жазбаша түрде жазылуы керек. Яғни қолхат алынады. Оның жақсы тұсы сол — қарыз алған адамға мойнында жүк тұрғанын сезінуге көмектеседі. Әрі тәртіпке сай уақытылы қайтаруға міндеттейді. Қарыз алған адам жазған қолхат әдетте азғантай сома кезінде жақсы. Әрине, соттасқан жағдайда ол қағаз әлгі адамның сізден қарыз алғанын көрсетеді. Бірақ қайтару жағы қиындау болуы мүмкін. Бастысы, өз қолымен жазсын. Соттың алдына бара қалса, сол жазу сол адамдыкі екені көрініп тұрмаса, «мен жазған жоқпын» деп тайқып кетуі ғажап емес. Ал қолхатта не жазылады?
- Екі тараптың құжаттарының мәліметтері. Оның ішінде тіркелген мекенжайы да көрсетілуі керек.
- Қанша сома алғаны сөзбен жазылады.
- Берген және қайтаратын күні.
- Ақшаны алғанын растап, қарыз алған адам қолын қоюы қажет.
Арада келіспеушіліктер тумас үшін ол жерде талап-шарттарды тізіп шыққан жөн. Мерзімінен кешіксе не болады дегендей мәселелерді назардан тыс қалдырмаңыз. Қарыз алып жатқан адамның жазуы түсінікті, анық болсын. Соңында міндетті түрде қол қойылсын. Егер сома көбірек болса, нотариуспен бекітіп алған артық болмайды. Есіңізде болсын: егер соттасқан кезде сот жазуды түсініксіз деп тапса немесе қол қойылмаған болса, онда қолхаттың заңды күші жоқ деп саналады.
Қарыз туралы келісімшарт жасассаңыз, ол қолхаттан гөрі салмақтырақ. Өйткені сол арқылы қарызыңызды толық қайтаруға кепілдік бар. Өйткені ол жерде қарыз бен оның қалай қайтарылатыны туралы бәрі анық жазылады. Қолхат та, келісімшарт та жасасуға кеңес береміз.
- Қарыз алған адам қашып құтыла алмайды. Ақшаны қайтаруға қалай да міндетті болады.
- Қарыз берген адам келісімшарт шарттарын өзгерте алмайды. Яғни пайызын көбейту деген сияқты талаптар қоюға құқығы жоқ.
- Ол жерде аты-жөні мен құжаттар мәліметі болуы керек.
- Қарыз көлемі санмен де, жазумен де жазылады.
- Қарызды толық қайтаратын мерзім көрсетіледі.
- Шарттар жазылады. Егер пайыз қосылатын болса, қанша қосылады, уақытынан бұрын қайтаруға бола ма, қолма-қол әлде қолма-қолсыз төлем, төлемді кешіктірсе не істейді — бәрі анық жазылып тұрады.
- Келісімшартты жазып шыққан соң, оны міндетті түрде нотариусқа бекіту керек. Өйткені маман келісімшарттың дұрыс жазылғанын тексеріп шығады. Сөйтіп екі жаққа құқықтары мен міндеттемелерін түсіндіреді. Одан соң бәрін заңдастырып, бекітіп береді.
- Егер осылай келісімшарт жасалса, екі тарап та өзінің міндетін біліп, түсініспеушілік аз болады.
- Нотариуспен бекітудің тағы бір артықшылығы — сотпен қарап жүруді қажет етпейді, дәлелдеудің де керегі жоқ.
Айыппұл қарастырған жөн бе?
Жақсылық Арманға қарыз Бермес бұрын міндеттемесін орындамаған кезде айыппұл төлеу жағын реттеп алғысы келеді. Келісімшартта қол қойған кезден кейін алты ай ішінде қайтармаса, онда қосымша берілетін соманы бекітіп қойды. Әрине, туыс не дос адамдар арасында мұндай болғаны біртүрлі көрінуі мүмкін. Бірақ төлемегені үшін айыппұл бекіту — қалыпты жағдай. Яғни қарастыруға әбден болады. Онда тұрған ештеңе жоқ.
Бермесе, не істеуге болады?
Арман ақыры қарызын қайтармады. Төлейтін күні өтіп кетті. Беретін түрі жоқ. Мұндайда қайтпек керек? Басында айтқанымыздай, қарыз қайтармағаннан екі адамның арасы суиды. Соттасу да ыңғайсыз секілді. Күнді созып алып, күтіп жүре бермеңіз. Келісімшарт жасалса, жақсысы сол — күні нақты жазылады. Егер орындалмаса, келесі күні-ақ сотқа бере аласыз.