Ұлттық Банк «Қазақстан монеталары» мобильді қосымшасын іске қосты

Жарияланды

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) «Қазақстан монеталары» мобильді қосымшасы іске қосылатынын хабарлайды. Қосымшаны PlayMarket пен AppStore дүкендерінен жүктеп алуға болады.

Айналымдағы, коллекциялық және инвестициялық монеталардың электрондық каталогы интерактивті презентация түрінде әзірленіп, онда ҚҰБ пен Қазақстан теңге сарайы мамандарының ширек ғасырдан астам уақыт – 1993-2021 жылдар аралығындағы жұмыстары жинақталған.

Мобильді қосымшада шығарылған барлық монетаның тақырыптық бөлімдері сипатталған, бейнежазбалар, монеталардың 3D бейнесі, сондай-ақ толықтырылған шынайылық элементтері қамтылған (қосымшадан толықтырылған шынайылық элементтерін көру үшін IOS жүйесі – 15.6 нұсқасынан, Android жүйесі – 11 нұсқасынан төмен болмауы шарт).

Каталог – Қазақстанның нумизматика тарихына саяхат жасап қана қоймай, түрлі дәуірлер мен кезеңдердегі сәулет және мәдени ескерткіштерден, маңызды тарихи оқиғалар мен оның бай мәдениетінен, дәстүрінен сыр шертіп, қазақ халқының көрнекті қайраткерлері жайында құнды деректер ұсынады.

Қосымшада өзіңнің жеке электрондық базаңды (коллекцияны) жасауға мүмкіндік беретін қолданушы опциясы да қарастырылған. Коллекциялық монеталар бұрынғыша ҚҰБ-тың интернет-дүкені арқылы сатылады.

Ұлттық Банк коллекциялық монеталарды шығару арқылы Қазақстанды, тұмса табиғаттың сұлулығын, дәстүрін, бай тарихын таныстырады. Монета өндірісінің жоғары деңгейі мен мамандардың кәсіби шеберлігін паш етеді.

Қазақстан теңге сарайы халықаралық нарықта озық өндіріс стандарттары бар коллекциялық монеталарды үздік өндірушілердің бірі саналады. 2000 жылдан бастап Қазақстан монеталары дайындау сапасы, дизайны мен технология саласындағы жаңашылдығы үшін халықаралық номинациялар мен байқауларда 23 наградамен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыз