Банк пен қаржы

Қазақстандағы 21 банктің төртеуі шығынға батып отыр

ЕДБ-ның тоғыз айдағы жиынтық пайдасы 900 миллард теңге болған

Қазіргі кезде Қазақстанның қаржы секторында 21 банк жұмыс істесе, соның төртеуі шығынға батып отыр. Соның арасында биыл үкімет «Бәйтерек» холдингі арқылы сатып алған Bereke Bank те бар. Ол  – бұрынғы Сбербанктің еліміздегі заңды мұрагері. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, елдегі екінші деңгейлі банктердің жиынтық пайдасы (табыс салығын төлегеннен кейін ағымдағы кірістің ағымдағы шығыстан асып түсуі) 899,6 млрд теңгені құраған. Бұл сан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 25,4 млрд теңге аз, деп жазады finprom.kz.

Пайда көлемі жағынан Halyk Bank көш бастап тұр: ол 9 айда 400,6 млрд теңге пайда тапқан, бұл сан өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70,2 млрд теңге көп. Ескерер жайт, пайда компания тиімділігін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар меншікті капиталдың жүйелі түрде өсуіне әсер етеді. Ал бұл кез келген қаржы институтының сенімділігі мен тұрақтылығына себеп.

Айталық, банктің клиент алдындағы міндеттемелерін орындауға қаншалықты дайын екенін байқатын реттелетін меншікті капитал да Halyk Bank-та ең жоғары. Банктің меншікті капиталы биыл 1 қазанда 1,9 трлн теңгені құраған. ҚР ЕДБ жиынтық меншікті капиталының үштен бірі осы банкке тиесілі.

Ал Kaspi Bank екінші орында келеді: биыл қыркүйек айының нәтижесінде 256,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 28,4 млрд теңгеге артық пайда тапқан.

Үшінші орынды 127,2 млрд теңге табыспен ЦентрКредит Банкі иеленді. Бір қызығы, бір жыл бұрын осы кезеңде банктің табысы небәрі 10,7 млрд теңгені құраған.

Елдегі 21 қаржы институтының ішінде бірден 4 банк шығынға ұшырады. Ең нашар көрсеткіш иесі Bereke Bank: бұл қаржы ұйымының табыс салығын төлегеннен кейін шығыны кірісінен 287,3 млрд теңгеге асып кетсе, бір жыл бұрын банк 102,8 млрд теңге кіріс алған.

Қазақстанда қалған жалғыз ресейлік еншілес ВТБ Банкі да 37,2 млрд теңгеге шығынға батып отыр. Сондай-ақ КЗИ Банкі (14,5 млрд теңге) және Заман-Банк Ислам банкі (591,6 млн теңге) шығынға ұшыраған. Бір қызығы, осыдан бір жыл бұрын бұл банктердің барлығы пайда тауып, тек Al Hilal Ислам банкі шығынға ұшыраған, ал биыл ол 1 қазанға дейін 2,3 млрд теңге пайда тапқан.

Реттелетін меншікті капиталға келетін болсақ, мұнда сектордағы көшбасшы Halyk Bank-тен басқа ең жақсы өсім көрсеткен  – Kaspi Bank (121,7 млрд теңгеден 502,1 млрд теңгеге өскен) және ЦентрКредит Банкі (109,5 млрд теңгеден 321 ,6 млрд теңгеге). Bereke Bank пен Заман-банк көрсеткіштері теріс аймаққа шықты.

Меншікті капитал көлемі бойынша ең ірі банктер қатарында Halyk Bank-пен бірге Jusan Bank (744,4 млрд теңге) және Kaspi Bank тұр.

Жалпы, ҚР ЕДБ жиынтық реттелетін капиталы 1 қазанда былтырғы 5,2 трлн теңгегеден 5,7 трлн теңгеге жетті. Пруденциалдық нормативтерді сол Bereke Bank-тен басқа банктердің барлығы орындаған.