Қазақстандықтарға 364 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы төленді

Жарияланды
Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша

Осы жылдың 10 айында қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы түрінде 364 млрд теңгеден астам қаражат төленді.  2022 жылғы қазан айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 28,3 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша  8,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 530,8 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 171,7 мың адамға жетті.

Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адам санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 53 364 теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы – 48 877 теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз