Гало немесе ореол эффектісі деген не?

Жарияланды
Адамды бір көргеннен ол туралы көзқарас қалыптастыруға болмайды

Психологияда гало-эффект деген бар. Оны кейде ореол эффектісі деп те атайды. Бұл дегеніміз — миымыздың алғаш көрген кезде әлдекім не әлдене туралы қате түсінік қалыптастыруы. Мұның кері әсері сол — сол қалыптасқан ой алдағы уақытта көзқарасты дұрыс жаққа бұруға кедергі болады. Яғни ұнап қалса, кемшілігін көре алмай, ұнамай қалса — әділетті баға бере алмай қаламыз. Сөйтіп екі ортада өзімізге зиян тигізуіміз мүмкін. Түріне қарап, жақсы адам екен деп алаяққа тап болатындар содан шығады. Болмаса, танымал брендтің сапасыз тауарына ұрынып қалуыңыз ғажап емес. Бүгінгі материалымызда осы туралы ой қозғаймыз.

Бұл қандай эффект?

Ореол эффектісін осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын америкалық физиолог Эдвард Торндайк сипаттап кеткен. 1920 жылы ол қызық тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде басшылар қызметкерлерінің көшбасшылық қабілеттерін, ақыл-парасатын бағалауға келгенде көбіне сырт келбетіне қарайтынын байқаған. Былайша айтқанда, кімнің түрі келісті болса, сол кәсіби маман, мықты қызметкер деп бағаланған екен. Олардың мансап жолында көтерілуі де тез болады деседі. Торндайктың бұл пайымын растайтын тәжірибелер аз болмады. Өйткені басқа ғалымдар да осыған ұқсас қорытынды жасаған. Мәселен тағы бір эксперимент кезінде қатысушыларға әйелдердің суреттері мен өмірі, қызығушылығы туралы қосымша ақпар берілген. Бірінші жағдайда шынайы суреттер болса, екіншісінде әйелдерді толық қылып көрсететін киім кигізіп түсірген. Нәтижесінде «арықша» келген суреттегі әйелдер сырт келбет жағынан да, жеке қасиеттері жағынан да жоғары бағаланған екен. 

Негізі гало-эффектісі тіпті сот шешімдеріне де әсер етеді. Мэриленд университетінің мәліметіне сүйенсек, сымбатты айыпталушылар салыстырмалы түрде азырақ мерзімге сотталады екен. Болмаса, олардың жағдайын түсініп, жұмсағырақ қарайды. Әлбетте, түрін пайдаланып қитұрқы әрекет жасаған болса, онда жазасы қатал болады. Бірақ түріне қатысы жоқ қылмыс жасап, заң бұзса түсіністік танытады деседі. Поляк ғалымы Соломон Аштың айтуынша, адам туралы пікір қалыптасқан кезде түрі ғана емес, кез келген іс-әрекет әсер етуі мүмкін. Ол жүргізген экспериментінде адамдарды екі түрлі сипаттама бойынша бағалауды ұсынады. бұл жердегі адамның бойындағы қабілет-қасиеттер тізімі бірдей, бірақ орналасу реті әр түрлі. Мысалы бірінші тізім мынадай: «ақылды — еңбекқор — көрсеқызар — сыншыл — қырсық — қызғаншақ». Екіншісінде: «қызғаншақ — сыншыл — көрсеқызар — еңбекқор — ақылды». Қорытындысында «ақылды» деп басталған тізімдегілер жоғары ұпай алған. Қызғаншақ дегеннен басталғаны — сәйкесінше төмен бағаланған. Байқасаңыз, қасиеттер бірдей. Бірақ алғашқысы қатты роль ойнап тұр.

Ойлау қабілетінің мұндай қате қабылдауы екінің бірінде болуы мүмкін. Өзінің бойында осындай эффект барын Нобель лауреаты Даниэль Канемен байқаған екен. Жас кезінде ол студенттердің жұмысын тексеріп отырғанда қолына түскен бірінші эссе ұнаса, екіншісіне де жақсы баға қояды екен. Ал енді алғашқы эссе көңілінен шықпаса, одан кейінгісін төмен бағалайды. Яғни біріншісінің әсері мықты болады-мыс. Бұл туралы ол «Асықпай ойланып, тез шешім қабылда» деген кітабында жазған.

Гало-эффектіні тауарын мейлінше көп сату үшін маркетологтар жиі пайдаланады. Мысалы люкс киім сататын бренд әбден танылып алған соң, біртіндеп парфюм шығара бастайды. Сөйтіп клиент ауқымын кеңейтеді. Болмаса, жарнамасын жасауға танымал жұлдыздарды шақыру әдісі де сол. Өнімін өтімді, сапалы етіп көрсету үшін жасайды. Сол адам қандай да бір сын астында қалса, дереу келісімшартты үзіп жататыны сондықтан. Ореол эффектісі байқалатын сөздерге мысал келтірейік. «Жүзі сондай жылы екен», «Қарны қабақтай, соған қарағанда жалқау сияқты», «Көзәйнек тағып алған, демек оқымысты, ақылды болып тұр ғой», «Еуропада жасалған зат сапалы болады», «Массмаркетте зат алмаймын. Ол жерде сапа жоқ», «ҚазҰУ-ды бітірсе, мықты болғаны», «Олпы-солпы киініп келген. Демек, жырбақай бір болғаны ғой», «шашын қып-қызыл қып бояп алған қыздың аузынан ақылды сөз шыға қоймас», «мына кремді өткенде танымал блогер салып жатыр еді. Күнде қолданады екен. Мен де алмасам».  

Неге бұлай болады?

Сөзі мен ойының дұрыстығын дәлелдегісі келгеннен пайда болады. Адамның болмысы сондай, өз бағасын көтеру үшін «менікі дұрыс» деп ойлағанды жақсы көреді. Ал енді әлгі ойы қате екенін түсінсе не қате болар деп ойласа, сәйкесінше, «мен адам тани алмайды екем», «ақымақ екем» деп өз бағасын түсіреді. Бұл ретте мидың тағы бір қателесетін тұсы шығады: өз пікірін дәлелдеуге ұмтылуы, растауға тырысуы. Айталық, бір адамды көрдік. Ол бізге ақылды секілді көрінді. Енді алда біз ол туралы тек жақсы нәрсе ойлап, ақылды екенін дәлелдейтін факторлар іздей бастаймыз. Сол сияқты оны аңқау, қарапайым деп қабылдап алсақ, әрмен қарай да сол көзқарас тұрғысынан бағалауды жалғастырамыз.   

Дұрыс, тәуелсіз баға бере алмағаннан. Біреуді ұнатқан кезде ол туралы әлдебір фактілерді қабылдай алмауымыз мүмкін. Мұндай әдетте қыз бен жігіт арасында жиі болады. Болмаса, әріптесіміздің кәсіби қабілетін оған деген көзқарасымызды ысырып қойып бағалау қолымыздан келмеуі мүмкін. Айталық, ол шай ішкен кесесін жумай кетеді. Сол қылығы сіздің ашуыңызға тиеді. Сөйтіп  әріптесіңіз саясат жайлы дұрыс пайым жасап жатса, «кесеңді жуып алшы, саясат сенің не теңің?» деп ішкі қарсылық оянуы ғажап емес.  

Артық ақпаратпен бас ауыртқымыз келмегеннен. Адам немесе затты бірінші әсер арқылы бағалаған кезде біз тезірек шешім қабылдауға бейім боламыз. Даниэль Канеман ойлаудың екі түрлі жүйесін сипаттаған. Бірінші жүйе мынадай: бұрынғы бастан өткерген жағдайларға қарап қазір болып жатқан жағдайларға дереу баға береді. Мұндайда ақпаратты барынша талдап, зерттеп жүрмей-ақ, энергия шығындамай байламға келуге болады. Екінші жүйеде бәрін жақсылап ойланып барып шешім қабылданады. Көбіне адамдар біріншісіне жүгінеді. Өйткені ол кезде артық ақпаратпен миын қатырмастан шешім қабылдайды, тұжырым жасайды. 

Асығыс шешім қабылдаудан. Басқан әр адымымызды ойлану оңай емес. Сондықтан бір көргендегі әсерге сеніп шешім шығаруға бейімбіз. Әсіресе, дүкен аралағанда уақыт жетпегеннен асығыстық танытып, қаптамасы ұқсас басқа зат алып қоямыз. Мұндай әдісті маркетологтар қуана-қуана қолданады. Түсі, қалыбы ұқсас, белгілі бір ассоциация тудыратындай қаптама жасайды. Мәселен, қара түсті болса, сапалы, премиум зат деп ойлауымыз мүмкін. Ал жасыл түс көрсек, эко өнім деген ой сап етеді.  

Қандай қауіп бар?

Ореол эффектісі қарапайым заттар таңдауда тез шешім қабылдауға көмектеседі. Мысалы, шоколад аларда витрина алдында он сағат тұрмастан, үнемі алатын «Қазақстанды» ала салуымыз мүмкін. Болмаса, үйреншікті кір жуғыш ұнтақты ала саламыз. Мұның жақсы тұсы — уақыт үнемдейтінінде. Дегенмен маңызды шешім қабылдаған кезде кері әсер етуі әбден мүмкін екенін есте ұстаңыз. Мәселен сырттай тартымды көрінгені үшін жұмысқа алып, артынша оның онша қабілетті емесін білгенде тіліңізді тістеп қаласыз. Сол секілді алба-жұлба киініп келгені үшін алмай қойған адамыңыз өте мықты маман болуы ғажап емес. Суреттері жарқырап тұрғаны үшін алған пәтеріңіз шын мәнінде сәтсіз алынған, құжатпен шаруасы көп болып шығуы мүмкін. 

Көбіне осы тұрғыда дәрігерлер қате көп жібереді екен. Мысалы жүрегі ауыратын әйелдер «кеуде тұсым шаншып тұр» деп дәрігер алдына барса, оны көбіне психосоматикаға салып, мән бермеуі мүмкін. Сөйтіп қате диагноз қойып, не алдын алуға болатын кезде елемеген болып шығады екен. Бұл эффектіні өзіңізден байқасаңыз, одан құтылуға болады. Бар болғаны тез шешім қабылдамай, өзіңізді басып үйреніңіз. Мәселеге тереңірек үңіліп, байыппен қараңыз.  

Қалай құтыла аламыз?

  • Біржақты көзқараста болмаңыз. Кейде ойыңыздың алдамшы болуы мүмкін екенін мойындағанның өзі біраз қатенің алдын алып, аталған эффектіден арылуға көмектеседі. Алғашқы әсердің қате болуы мүмкін екенін растаған кезде анализ жасау жеңілдейді. Адам туралы әлдебір ой қалыптастырмас бұрын танысып, сөйлесу керек.
  • Алатын ақпараттың сапасына мән беріңіз. Бір көзден, бір жақты ақпарат ала бермей, ақ-қарасын ажырату үшін жан-жақты қарастыруды әдетке айналдырыңыз. Жарнамадағы жарқылға сене бермей, таныстарыңыздың ішінде сол өнімді алған адаммен ақылдасаңыз.
  • Алгоритм керек. Шешім қабылдарда белгілі бір қадамдар процесін стандарттап көріңіз. Мысалы, маңызды шешімге келер кезде алдымен үзіліс жасап, бір күннен кейін нақты байламға келуге әдеттеніңіз.  
  • Комфорт жағдайда шешім қабылдаңыз. Кейде қысым бар жерде қате байлам жасап қалып жатамыз. Қарын аш болса, артық азық-түлік алатынымыз содан. Комфорт жоқ кезде, жайсыз жерде шешім қабылдамаған абзал. Шама келсе, жайлы жағдай жасап алыңыз. 
  • Баламасын қарастыру керек. Көбіне адамдар «басқаша істегенде қалай болар еді» деп қарастырғанды ұнатпайды. Бірақ солай талдау жасап үйренгенде болашақта әлгіндей қате жібермеуді үйренесіз.
  • Жағдайға басқа біреудің көзқарасымен қарап үйреніңіз. Мысалы осы жағдайға досыңыз тап болды делік. Мұндайда сіз нендей кеңес берер едіңіз? Өзіңізге басқа біреудің атынан сұрақ қойыңыз. «Мына кісіге қалай қарайсың?», «Неге ана кісінің жақтырмайсың?» дегендей сауалдар қойып көріңіз. Сонда басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ оқыңыз