Сарапшылар «ҚазМұнайГаздың» IPO-ға шығуын талқылады
Отандық қор нарығына жаңа эмитенттердің шығуы – жаңа инвесторлардың өз күшін сынап көруіне тамаша мүмкіндік. Оның үстіне алдағы IPO-ны ел көптен күткен. Instagram желісіндегі тікелей эфирде Jusan Invest бас директоры Максим Кабанов пен блогер Ержан Есімханов осындай пікір білдірді.
Инвестициялық компания басшысы «Қазақстанда қор нарығы дамымай жатыр, эмитенттер саны аз» деген шағымды жиі еститінін атап өтті.
«Қазір «Самұрық-Қазына» қоры мен мемлекеттің арқасында отандық қор нарығындағы мүмкіндіктер қатары артып отыр», деді Кабанов.
Сатылымға шығатын бір акция құны – 8 406 теңге. Бір клиент саудаға шығарылатын 30,5 млн акцияның көп дегенде 1 пайызын сатып ала алады. Жеке тұлғалардың өтінімдері 2 желтоқсан, сағат 15:00 дейін қабылданады. Ал заңды тұлғалар 30 қарашаға дейін өтініш береді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары – жеке тұлғаларға басымдық беріледі. 7 желтоқсанда акцияларды шоттарға бөлу басталып, 8 желтоқсаннан саудаға шығарылады.
«Біз өте консерватив баға беріп отырмыз және ол 2023 жылға дейін мұнайдың тұрақты бағасын есепке ала отырып, соған негізделген. Содан кейін оны болжамды ішкі кірістерге қосамыз. Ол қазіргі кезде қолайсыз макроэкономикалық жағдай қалыптасқанын байқатады. ҚМГ-ның қазіргі қомақты қарызы да есепке алынады. Болашақта акция бағасына қандай факторлар әсер етерін болжай алмаймыз. Сондықтан көрсетілген акция бағасы 6-12 ай шамасына бағытталған», деп түсіндірді ол.
Сарапшы ҚМГ IPO-сының негізгі артықшылықтарын атап өтті: біріншіден, ол елдегі негізгі салық төлеушілердің бірі және ірі көлемде мұнай өндіретін компания. Екіншіден, қазір ҚМГ акцияларын бәрі бірдей бағамен сатып алуға болатын кез.
Сонымен қатар Максим Кабанов қазақстандық қор нарығында жұмыс істеудің басымдығы туралы да айтып өтті: KASE-дегі мықты эмитенттердің артықшылығы – олардың арасынан таңдау мүмкіндігі көп. Олардың қатарында көптеген біз жақсы танитын отандық компаниялар бар. Америкалық немесе ресейлік компаниялармен салыстырғанда, оларды үнемі қадағалап отыруға болады және бұл компаниялар сенімдірек. Сонымен қатар, бұл ел экономикасына қосылған үлес: тікелей эфирде көрермендерге ішкі нарықтағы операцияларға салық салынбайтыны ескертілді.
Эфир жүргiзушiсі Ержан Есiмханов дивиденд жайын сұрайтындардың көп екенін айтып өтті.
«Дивиденд аз болады, – деді Кабанов, – 328-420 теңге шегінде. Бірақ бұл жерде әңгіме тек дивидент туралы емес, болашақтағы өсім жайлы екенін түсіну керек. Кәсіпорынның өтейтін қарызы бар екені анық, алғашқы жылдары пайда қарызды жабуға кетеді. Қарыз толық өтелген соң, дивиденд төлене бастайды».
Максим Кабанов акциялар мен қор нарығы туралы соңғы ақпаратты Jusan Invest мобильді қосымшасы мен веб-сайттан алуға болатынын айтып өтті. Компания сарапшыларына күнделікті таңертең қоңырау шалып, сізді қызықтыратын кез келген сұрақты қоюға болады. Сайтта көптеген пайдалы ақпараттар, соның ішінде ҚМГ қаржылық моделін егжей-тегжей түсіндіретін вебинарлар бар.