Биыл қазақстандықтарға 2,7 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді

Жарияланды
1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 276 мың адам

Осы жылдың 11 айында қазақстандықтарға 2,7 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы қарашада республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 245,9 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 74,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 171 млрд теңге бөлінді.

2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 276 мың адам.

2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 108 960 теңге болды.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 %-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74 %-ын, ал 30 жыл болса, онда 94 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Ынтымақты зейнетақылардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен 2% артып көтерілуге кепілдік беріледі, бұл 2014 жылы қабылданған зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес келеді.

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5% – ға артады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделген.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері келесі жылы 40 567 теңгені құрайтын, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54% – дан 60% – ға дейін ұлғаюына байланысты арттырылатын болады.

Осылайша, базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 68 223 теңгеден (2022 жылы) 77 417 теңгеге дейін артады.

Сондай-ақ оқыңыз