Индустрия министрі ауылда тұрғын үй салудың жаңа механизмі туралы айтты
Депутат Бауыржан Қаниев Сенатта өткен парламенттік тыңдау кезінде ауылдық жерлерде тұрғын үй салу мәселесін көтерді.
Сенатор индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтан осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.
«Ауылдық жерлерде бір тұрғынға үй-жайлардың жалпы ауданының 19, 8 шаршы метрінен келеді. Қала тұрғынына 25, 5 шаршы метр тиіп отыр. Яғни, 1,3 есе көп. Мұндай алшақтық қазір халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалық құжаттарда ауылдық жерде тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша бағыттардың жоқтығы себебінен арта береді. Үкімет ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі арнайы бағдарламаны әзірлеу және қабылдау мәселесін қарастырып жатыр ма?», – деп сұрады сенат депутаты Бауыржан Қаниев Сенатта өткен парламенттік тыңдау кезінде.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, жұмыс екі бағыт бойынша жүріп жатыр.
«Қазір ауылдық жерде тұрғын үй салуды ынталандыру бойынша қолымызда екі механизм бар. Біріншісі – инфрақұрылым тарту. Министрлік жыл сайын 47 мың жер учаскесіне инфрақұрылым тартады. Соның ішінде 22 мың жер учаскесі ауылдық жерде орналасқан. Биылға да қаражат қарастырылған. Екіншісі – жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік меншікке нарықтан үй сатып алу арқылы баспананы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жалға беруі. Бұл бойынша тиісті қаржы бөлінді. Биыл 10 700 үй сатып алуға 100 млрд теңге ақша бөлінді. Әкімдіктерді үйді тек қаладан емес, ауылдық жерден де жалға беруге ынталандырып отырмыз», – деді министр.
Айтуынша, тұрғын үй салу бойынша үшінші механизміне қатысты заң жобасын сенат қарап жатыр. Бұл бастама бойынша ауылдағы жұмыс беруші қызметкерлеріне тұрғын үй салған жағдайда 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.
«Қызметкер сол кәсіпорында 5 жыл жұмыс істеген соң қалған 50 пайызын өз жекеменшігіне сатып ала алады. Бұл бастама жақсы қолдау тауып, 76 ауданнан 2 855 үй салуға ұсыныс келді. Бұл – жаңа механизм», – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.