Сот Jusan Bank акцияларына тиым салды

Жарияланды
Фото: shatterctock.com

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты First Heartland Securities қаржы ұйымының мажоритарлық акционеріне тиесілі Jusan Bank-тің қарапайым және артықшылығы бар  акцияларына тиым салды. Бұл туралы құжат Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланды.

Jusan Bank акцияларының 78,23%-на иелік ететін First Heartland Securities компаниясының қарапайым және артықшылығы бар 131,3 млн акциясына Алматының аудандық соты 15 ақпан күні тиым салған. Алайда ол шешім туралы тек 21 ақпан күні ғана хабарланған. Ал, Ғалымжан Есеновке тиесілі қалған 19,67% немесе 33 млн акцияға тиым салынбаған.

16 ақпан күні лматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғалғаны хабарланған еді.

Jusan bank Бас прокуратураның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген болатын.

«Jusan Bank – Қазақстанның ең сенімді, қарқынды дамып келе жатқан және қаржылық жағынан тұрақты банктердің бірі. Jusan Bank Банк пен оның негізгі акционерлері – Қазақстан Республикасының азаматтары. Қаржы институты реттеушінің және ұлттық заңнаманың барлық талаптарын орындайды. Сондықтан Бас прокуратура «Jusan» тобына қатысты іс бойынша ақпараттық хабарламасында атап өткендей, Jusan Bank қызметі бұл талқылаулардың нысаны емес екенін ескерген жөн», делінген еді хабарламада.

Осы ретте Қаржы нарығын реттеу агенттігі де банктің жағдайы тұрақты және нарықтағы сенімді банк деп мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз