Қашағанда газ өңдеу зауыты 2025 жылы іске қосылады

Жарияланды
Қашағанда газ өңдеу зауыnы салынады. Фото: kursiv.media

Қашаған газын өңдеу 2025 жылы басталады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысында QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов хабарлады.

Компания басшыларының айтуынша, былтыр Қашағанда газ өңдеу зауытын салу жобасы бір жылдан кейін қайта қолға алынып, қазір онда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Зауыт қуаты жылына 1 миллиард текше метр шикі күкірт газын құрамақ. Қазір ол шырақ секілді жағылып немесе жерге қайта айдалады. Оны ГӨЗ-де өндеп, одан тазартылған сатуға дайын газ, сұйытылған газ, күкірт және газ конденсатын алады. Бұл елді газдандыруға, газ химиясын дамытуға септігін тигізеді», дейді Арман Қасенов.

Оның айтуынша, Жоба QazaqGaz басшылығына берілгеннен кейін кешенді аудит жүргізіліп, елеулі тәуекелдер мен кемшіліктер анықталды. Жобаның қаржы жоспары құжаттары түзетіліп, енді сараптама комиссиясының оң қорытындысын күтіп отыр. Жабдықтардың сапасын бақылау үшін жұмысқа немістің TUV Rheinland компаниясы, техникалық қолдау көрсету үшін француздық Technip Energies компаниясы тартылды. Қазір жобаға 750 адам мен 300 техника жұмылдырылған.

17 қаңтарда компания QazaqGaz Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов және Petromal Sole Proprietorship L.L.C бас атқарушы директоры Эйас Аломуз өзара серіктестік орнату туралы меморандумға қол қойғанын хабарлаған. Келісім ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында жасалды.

Компания басшылары еліміздегі газ қоры 100 жылға жетеді деп мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз