Тәжікстанмен арадағы сауда саттық көлемі 1,4 млрд долларға жетті
Фото: kursiv.media
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-саттық көлемі 1,4 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл жайлы Тәжікстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өткізілген форумда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты.
«Тәжікстан өңірдегі негізгі серіктестеріміздің бірі, өзара сауда саттығымыз 1,4 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – үлкен жетістік, себебі алдымызда қойылған мақсат 1 млрд АҚШ доллары еді. Оның ішінде біздің экспорт көлемі жылдан жылға артып, 877 миллион доллар болды. Тәжікстанның импорт көлемі 501 млн АҚШ долларға жеттіп отыр», деді Жұманғарин.
Сонымен бірге Қазақстан Тәжікстанға Сарыарқа автопромынан автокөлік экспортын жалғастырады.
«Былтырдан бастап біз Тәжікстанға өзіміздің Сарыарқа автопромының көлігін экспорттай бастадық. Өткен жылы 50 автокөлік кеткен. Қазіргі уақытта Душанбенің таксопаркінде біздің Қазақстанның Jak көліктері тұр», деді министр.
Ал біздің еліміз Тәжікстаннан жақсы мыс концентраты мен көкініс-жемістерді импорттайды. Тәжікстан ауыл шаруашылығы министрі өз баяндамасында Тәжікстанның ауыл шаруашылық потенциалы ашылғанын айтқан. Сонымен бірге саусымаралық кезеңге қажетті пиязды да осы елден тасымалдаймыз.
«Жасыратын ештеңесі жоқ, жақында біздер бастапқыда алты мың тонна пиязды Сарыағашқа Тәжікстаннан алып келе жатырмыз. Пиязды біз маусым аралық кезеңде ғана алатын боламыз. Бұл шара біздің азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді Серік Жұманғарин.
Кеше Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесу барысында екі ел кәсіпкерлері 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанын, екі ел үкіметі осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалайтынын айтқан болатын.