Полиция қызметкеріне жала жапқан Семей тұрғыны 30 тәулікке қамалды
Полиция қызметкері бопсалады деп айыптаған Семей тұрғынының ісі бойынша сот шешім шығарды. Бұл туралы туралы Рolisia.kz хабарлады.
Іс әлеуметтік желілердегі жала жабу туралы есеп негізінде қаралды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес ол TikTok әлеуметтік желісі арқылы былапыт сөйлеп, полицейдің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындаған.
«Абай облысының мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен тұрғын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабы 2-бөлігі «жала жабу» (басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан іс-әрекеттер) және 434-бабында «ұсақ бұзақылық» (қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу) көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», – делінген полиция хабарламасында.