Kcell акционерлері 2022 жылға дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдады
Kcell 18 мамырда өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысының шешімдері туралы Қазақстан қор биржасына хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, «Kcell» АҚ акционерлері 2022 жылға жай акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдаған.
Акционерлер компанияның 2022 жылғы аудиттелген жеке және шоғырландырылған қаржылық есептерін бекітті. Сонымен қатар:
«Кселл» АҚ-ның 2022 қаржылық жылындағы таза табысы бөлінбесін және «Кселл» АҚ жай акциялары бойынша дивидендтер төленбесін. Шешім қарапайым көпшілік дауыспен қабылданды», делінген компанияның KASE-ге жолдаған ақпаратында.
Бұған дейін, Kcell 5G жиілігін сатып алуды аяқтағаны хабарланған болатын. Қазақстан қор биржасының ақпаратына сәйкес, Kcell акцияларының 51%-ы «Қазақтелеком» иелігінде, 14,87%-ы – «PIONEER TECHNOLOGIES S.A R.L.», 9,08%-ы – «First Heartland Jusan Bank» JSC, және 7,06%-ы БЖЗҚ-на тиесілі.
Ксell акцияларының бақылау пакетіне ие «Қазақтелеком» 2022 жылға 33,4 млрд теңге көлемінде дивиденд төлейді
Айта кету керек, Люксембургте тіркелген PIONEER TECHNOLOGIES S.A R.L компаниясы мен «First Heartland Jusan Bank» JSC Kcell акцияларын 2021 жылы күзде сатып алған болатын.