АҚШ соты Microsoft-Activision келісімін уақытша тоқтатты
АҚШ соты Федералды сауда комиссиясының өтініші бойынша Microsoft Corp. пен Activision Blizzard Inc. келісіміне уақытша тыйым салды. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі хабарлады.
Microsoft осы жұмада Activision компаниясын 69 миллиард долларға сатып алу туралы келісімді жабуға үміттенген еді. Дегенмен, FTC дүйсенбі күні компанияның мәмілені аяқтауына жол бермес үшін Сан-Франциско сотына шағым түсірген. Ал аудандық судья Эдвард Давила сейсенбіде келісімге уақытша тыйым салды.
«Судья тыйым мерзімін ұзартуға қатысты тыңдауды 22-23 маусымға белгіледі», – деп хабарлайды Market Watch.
Майкрософт сот тыйым салатынын болжағанын мәлімдеді.
Америкалық реттеуші Activision-ді сатып алу Microsoft-қа пайдаланушылардың бейне ойындарға Xbox-тен басқа құрылғылардан кіргенін бақылауға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Сонымен қатар, FTC мәміле бейне ойындардың қымбаттап, баламалы платформалардағы сапасы нашарлауына, сондай-ақ басқа приставкаларда бейнеойындар ашылмай қалуына әкеп соғады деп санайды.
FTC мәмілені бұғаттау туралы сотқа шағымды былтыр желтоқсанда түсірген. Microsoft пен FTC арасындағы сот процесі тамыз айына жоспарланған.