Қазақстандықтардың көлік салығы үшін қарызы 22,4 млрд теңгеге жеткен

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Республика бойынша 2023 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың көлік құралдары бойынша салық берешегі 22,4 млрд теңгені құраған. Бұл соманы 496,7 мың салық төлеуші өтемеген. Бұл жайлы Қаржы министрлігінің баспасөз орталығы хабарлады.

Бұл соманың негізгі қарызы – 17,5 млрд теңге болса, өсімпұл – 4,9 млрд теңгені құрайды.

Олардың ішінде көлік құралдары салығы бойынша салық міндеттемелерінен жалтарған автокөлік иелерінің ең көп саны Алматы облысында тіркелген. Бұл өңірде 57,7 мың адамның қарызы 3,0 млрд теңге болған. Ал Алматы қаласының 53,6 мың адамы 4,9 млрд теңге салық төлемеген. Ал Түркістан облысында – 53,6 мың адамның қарызы 1,2 млрд теңгеге жеткен. Шымкент қаласының – 39,9 мың тұрғыны 1,5 млрд теңге, Астана қаласының – 37 мың тұрғыны 2,5 млрд теңге салық өтемеген.

Министрлік 2022 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2023 жылғы 1 сәуірде аяқталғанын ескертеді.

2023 жылғы 19 мамырдан бастап салық сомасын уақтылы төлемеген тұлғаларға 1 АЕК-тен жоғары берешегі бар жеке тұлғаларға берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтары таратыла бастаған.

«Берешек төленбеген жағдайда салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына мәжбүрлеп орындатуға жіберіледі. Өз кезегінде, жеке сот орындаушылары «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқығы бар. Оның ішінде 40 АЕК-тен асатын қарыз болса, азаматқа ел аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін», делінген хабарламада.

Бұдан басқа, мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдармен бірлесіп ағымдағы жылдың басынан бастап көлік құралдары салығы бойынша берешегі бар жеке тұлғаларға қатысты күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізе бастаған.

2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 10 152 рейд жүргізіліп 413 автокөлік құралы айыппұл тұрағына қойылып, 963,7 млн теңге мемлекеттік бюджетке түскен.

Сондай-ақ оқыңыз