Мемлекеттік органдар мәжіліс әзірлеген заң жобаларын салғырт қарайды – Асхат Аймағамбетов

Жарияланды
Фото Аскара Ахметуллина

Фото: kursiv.media

Депутат Асхат Аймағамбетов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдап, мемлекеттік органдар мәжіліс әзірлеген заң жобаларын салғырт қарайтынын айтты.

«Конституция бойынша депутаттардың заң шығару бастамасын көтеруге құқығы бар. Біз мемлекеттік органдардың әлсіз, тиімсіз жұмысын көріп отырмыз. Біз ғылым және ғылыми-технологиялық саясат бойынша заң жобаларын әзірледік. Президенттің тапсырмасы да бар екенін білесіздер. Үкімет осы заңды маусым айының соңына дейін енгізулері керек еді. Алайда, үлгермеді. Ал депутаттар болса, өздері бастамашылық етіп бұл заң жобасын дайындады. Бұған қоса білім, мәдениет және т.б. туралы заң жобалары да депутаттардың өздері әзірледі. Бірақ, мәселе мынада, мемлекеттік органдар заң жобаларын әзірлеу олардың ғана құзыреті деп санайды. Біз әзірлеген заң жобаларын сылғырт қарайды» дейді ол.

Сонымен бірге депутат Үкімет қорытындыларына қатысты мәселені көтерді. Депутаттың айтуынша, жұмыс топтарында талқылау барысында мемлекеттік органдар барлық нормаларды Үкіметтің қорытындысына жіберуді талап етеді.

«Алайда, Конституцияның 61-бабы 6-тармағына сәйкес мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары ғана Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде енгізіледі. Сондықтан, Үкіметтің қорытындысына тек шығынды талап естетін нормалар ғана жіберілуі қажет. Жалпы, осындай тәжірибені болдырмас үшін Үкімет регламентіне тиісті түзетулер енгізу қажет деп санаймын», дейді Асхат Аймағамбетов.

Депутат Үкімет қорытындысын қарау мерзімдерінің ұзақтығы да қолбайлау болып отырғанын айтты. Депутаттардың түзетулеріне Үкіметтің қорытындылары Парламент Мәжілісіне 4-5 айдан кейін келіп түсетінін, сол себепті Үкіметтің қорытындыларын келісу рәсімін қайта қарау және олардың өтуін қиындататын кедергілерді жою және заң жобасына қорытынды дайындаудың толық мерзімін – 1 айдан аспайтын мерзімге қысқарту қажеттігін ұсынды.

«Үкімет нормасының нақты ұсынылатын редакциясын енгізбей, жай ғана депутаттардың түзетулеріне теріс қорытынды жасау практикасын тоқтату қажет деп санаймын. Бұған қоса осы қорытындылардың тұрақты болуын қамтамасыз еткен жөн. Өйткені бір мәселе бойынша бірнеше позиция келетін жағдайлар аз емес. Аталған проблемаларды мұқият қарап, тиісті шемдімдерді қабылдауды ұсынамын. Біздің мақсаттарымыз бір, илеп жатқан бір терінің пұшпағы, сондықтан Елімізді дамыту мен Президенттің тапсырмаларын сапалы орындау үшін депутаттар мен үкімет мүшелері үйлесімді әрі тиімді жұмыс атқарады деп сенемін» деп қорытындылады депутат.

Сондай-ақ оқыңыз