Халық полиция қызметінің нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ – Тоқаев

Жарияланды
мвд
Фото: Ақорда

Халық полиция қызметінің нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде айтты.

«Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек екенін еске салып өтті.

«Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады», деді ол.

Бұл ретте Тоқаев қоғам тарапынан да құрмет болуы керегін баса айтты.

«Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет», – деді Президент.

Билы адамдарды азаптады деген күдікпен күш құрылымдарының 40-қа жуық қызметкері жауапқа тартылған.

Бас прокуратура Ішкі істер министрлігіне азаптауға бейім полицейлерді алдын ала анықтау үшін, психологиялық тесттен өткізуді ұсынды.

Былтыр ҰҚК-нің 8 қызметкері Қаңтар оқиғасына қатысқандарды азаптау фактісі бойынша қамауға алынған болатын.

17 наурызда Президент Қ. Тоқаев азаптаудың алдын алу және сотталғандардың құқын кеңейту туралы заңға қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз