Жол жүру қағидаларына электр самокатқа қатысты ережелер енгізілді

Жарияланды (жаңартылды )
Самокаты
Фото әлеуметтік желіден алынды

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Жол жүрісі қағидаларына шағын электр көлігі құралы ұғымы енгізіледі.

Атап айтқанда, электр қозғалтқышы бар электр самокаттар мен мопедтерді қоспағанда электр қозғалтқышпен жарақталған, жеке жүріп-тұруға арналған, бір немесе бірнеше дөңгелегі бар көлік құралы – шағын электр көлік құралы ретінде танылады.

Осыған байланысты «Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық талқылауға шықты.

Яғни бұйрыққа «электр самокаттар, шағын электр көлігі құралдары» ұғымы енгізіліп, жаңа редакцияда толықтырылады.

Бұл құжатқа сәйкес, мопед жүргізушілерге велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолмен жүруге тыйым салынады. Сонымен бірге шағын көлік құралдарында жүрген азаматтарға көлік құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуге болмайды.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Еске сала кетсек, 30 маусым күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Бұл заңды 22 маусым күні сенат мақұлдаған болатын.

Үкіметтің бұл заңды енгізуіне елдегі самокаттарға қатысты оқыс оқиғалар себеп болды. Айта кететін болсақ, жыл басынан бері самокатқа қатысты 44 оқиға тіркелген. Былтыр 1 адам қайтыс болды.

Сондай-ақ оқыңыз