Әлеуетті инвесторларға ЖСН мен ЭЦҚ беру рәсімі жеңілдетілді – Тамара Дүйсенова
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін шетелдіктерге түрлі жеңілдік беру шаралары қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Қазір А-5 санатындағы инвесторлар шетелден жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алмайтын болды. Жыл басынан бері 76 шетел азаматына осындай инвестор визасы берілді (2022 жылы 95 виза берілген). Әлеуетті инвесторларға шетелдегі мекемелерімізден «бір өтініш» қағидаты бойынша Жеке сәйкестендіру нөмірін және Электронды цифрлы қолтаңба беру рәсімі жеңілдетілді», – деді Тамара Дүйсенова
Бұдан бөлек инвестор-бизнесмендердің инвестициялық виза алуына қажет төменгі шекті азайту қарастырылып жатыр.
«А-6 деп аталатын ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізіліп жатыр. Мұндай виза иелеріне еліміздің аумағында тұрақты тұру үшін (10 жылға) ықтиярхат алу құқығы беріледі. Шетелде табысты бизнестері бар этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілді. «Отандастар» қоры қолында кәсібі бар, елге «Ата жолы» картасы аясында келгісі келетін шетелдік 50 қандасымызды анықтап, қажетті жұмыс жүргізіп жатыр», – деді үкімет басшысының орынбасары.
Вице-премьердің айтуынша, көші-қон саясаты тұжырымдамасының шараларын атқару нәтижесінде кейінгі 10 жылда алғаш рет оң үрдіс қалыптасқан. Қандастар көбінесе ТМД елдері, Қытай, және Моңғолиядан көшіп келген.