Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу 1 қыркүйекте басталады

Жарияланды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қашан басталатынын айтты.

«Биыл 1 қыркүйекте іріктеу басталады. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Президенттік кадр резервінің конкурсына жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 5 жылдық жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан азаматы қатыса алады», – деді Дархан Жазықбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, биыл резервке өту үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтеді.

«Құжаттарды қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау (Assessment center және құзыреттер бойынша сұхбат), сарапшылық комиссияда әңгімелесу, Ұлттық комиссия отырысы», – деді агенттік төрағасы.

Дархан Жазықбаев іріктеу объективті өту үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылатынын атап өтті. Осылайша, бағалаушылар үміткердің кім екенін білмейді.

Бұған дейін іріктеу 2 рет өткізілді. 2019 жылғы іріктеуде резервке 300 адам, 2021 жылы 50 адам қабылданған.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында еңбек етіп жүр. Жалпы резервке өткендердің 75%-ы жұмысқа орналасқан.

Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқарып жүр. Олардың қаратында 31 резервші саяси лауазымға, 6 резервші А корпусының лауазымына тағайындалса, бір резервші Мәжіліске жұмысқа қабылданды, 2 резервші Мәслихат депутаты болды.

Сондай-ақ оқыңыз