Заң мен сот алдында барлық азаматтар тең: Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды – Бас прокуратура

Жарияланды
Фото: gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Бас прокуратураның Арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты «қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, тергеу барысында құпия құжаттар зерделеніп жатыр.

«Тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерделеумен байланысты. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды».

Бас прокуратура Конституцияға заң мен сот алдында барлық азаматтар тең екенін еске салды. Сондықтан:

«Тергеу қорытындысы бойынша заңды іс жүргізу шешімі қабылданатын болады».

Еске саламыз, 14 қыркүйекте Алматыда «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев және қалалық мәслихаттың 7-шақырылымының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге қатысты сот отырысы басталған еді. Айыпталушылар қатарында тағы 40-тан аса адам бар.

Соның бірі  ҰҚК 5-ші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов 18 қыркүйектегі отырыс кезінде «Қаңтар» оқиғасы кезінде оған Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол өзінен жауап алғаннан кейін бір жарым жылдан соң оның жауаптары құпия деп танылғанын атап өтті.

ҰҚК Төрағасының экс-орынбасары Самат Әбіш 2022 жылы 17 қаңтарда қызметінен босатылған еді. Ал, 2022 жылғы 22 маусымда ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмерханов тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Самат Әбіштен жауап алынып жатқанын хабарлаған еді.

«Самат Әбіш те тергеу орбитасында. Ол куәлік беріп жатыр, бірақ мен оның статусын білмеймін» деген еді ол.

2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін, сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталып, ол 18 жылға сотталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз