Зеленский: Ресей Қазақстанға да дөңайбат көрсетіп келеді

Жарияланды
Фото: bbc.com

БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлеген Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей Қазақстанға да дөңайбат шегіп отырғанын мәлім етті. Оның айтуынша, ол ел басқыншылық пиғылын он жылдан бері ашық көрсетіп келеді.

«Әр онжылдықта Ресей жаңа соғыс бастайды. Молдова мен Грузия территориясының жекелеген бөліктерін басып алды. Ресей Сирияны қирандыға айналдырды. Егер Ресей болмаса, онда химиялық қару ешқашан қолданылмас еді. Ресей Беларуссияны жұтып қойды, Қазақстан мен Балтық жағалауы елдеріне дөңайбат көрсетіп, қауіп төндіруде», деді Зеленский.

Ол сондай-ақ, бүкіл адамзат өмірін сақтап қалу үшін әлем елдерін бірлікке шақырып, бұрынғыдан да толық ынтымақтастықта әрекет ету керек екенін айтты. «Ядролық қаруға жол бермеу секілді, агрессорға және оның барлық соғыс құралдары мен әдістеріне де жол бермеу керек», деді.

«Әрбір соғыс қазір ең соңғы соғыс болуы мүмкін, бірақ агрессияның қайта басталмауын қамтамасыз ету үшін біздің бірлігіміз қажет»,- деді Украина Президенті.

Ол сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысында соны деректерді ұсынатынын мәлім етті.

«Ресей әлемді соңғы соғысқа итермелеп отырған уақытта, Украина ресейлік агрессиядан кейін әлемде ешкім ешбір елге шабуыл жасауға батылы бармауы үшін қолынан келгеннің бәріне жасауда. Қару кезенуді тоқтату керек. Әскери қылмыстар жазалануы керек. Депортацияланған адамдар үйлеріне оралуы керек. Ал басқыншы өз елінің аумағына қайтуы керек», деп аяқтады сөз Зеленский.

Осы жиында сөз алған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев; «Бүгінде адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өтті. Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр», деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз