Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергенге қатысты басты сот отырысы жабық өтетін болды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Алматыда Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайберген және «Қаңтар ісі» бойынша айып тағылған басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс жабық түрде қаралатын болды. Бұл жайлы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Өйткені іс бойынша 10 жәбірленуші, бір куә және бір сотталушы тарап, сот отырысын жабық түрде өткізуді сұраған. Олар өз өмірлері мен отбасыларының және жақындарының қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын білдірген. Бұл өтініштерді сот қанағаттандырып, қылмыстық іс сотқа қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында жабық түрдегі қарауға ауыстырылған.

«2023 жылдың 21 қыркүйегінде А.Джумагельдиев, Қ.Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Сотталушылардың жалпы саны 45 адам», делінген хабарламада.

Оларға «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды.

Отырыс барысында сотқа процеске қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы жүзден астам өтінішхат түскен.

Басты сот отырысы осы жылдың 6 қазанында өтеді.

Еске сала кетсек,2023 жылдың 6 қыркүйегінде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына «Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергенге қатысты қылмыстық іс түскен. 

Ал 13 қыркүйек күні Алматыда көпшілікке «Дикий Арман» ретінде белгілі Арман Жұмагелдиев пен Алматы қаласы мәслихаттың бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге қатысты сот басталды. Айыпталушылар қатарында олардан өзге 40-тан аса адам бар. 

Сондай-ақ оқыңыз