Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүлікке кім иелік етеді: Қаржы министрі айтып берді

Жарияланды
Боранбаев
Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүлікке кім иелік етеді/архив kursiv.media

Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүліктерге жақында қабылданған «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заң аясында құрылған компания басшылық ететін болады. Бұл туралы вице-премьер, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.

«Заңсыз шығарылған активтерді қайтару заңы қабылданды. Осы заң аясында біз жақында арнайы компания құрдық. Енді бұл мәселелерге олар басшылық етеді. Қажет болса, біз ақшаны басқаруға береміз немесе мүлікті өткізіп, ақшаны арнайы шотқа аударамыз. Егер бұл әрекет (Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүлік – автор түсіндірмесі) аталған заң аясында реттеуге жатпайтын болса, онда процессуалдық шешім бар. Тиісінше одан соң мүлік мемлекетке өтеді немесе біз оны сатуға жібереміз, болмаса сенімгерлік басқаруға өтеді», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Айта кету керек, Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың  құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.

Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Содан кейін қазақстандық кәсіпкер тергеумен процессуалдық келісімге келуге өтінішхат жолдады. 

Сондай-ақ оқыңыз