Тоқаев күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында бірлік танытуға шақырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына сапары барысында Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Еңбек адамдарымен кездесуі барысында ол күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында бірлік танытып, еңбек етуге шақырды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
«Шын мәнінде, еңбек адамдары халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын»,– деді Мемлекет басшысы.
Президент жастарымыздың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын»,– деді Мемлекет басшысы.
Сәуірде Қазақстан үкіметі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған.
Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8%-ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендеуі тиіс. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97% қамтылады, нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95%-ға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2%-ы немесе 7,5 млн адам тұрады.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасына биыл 100 млрд теңге бөлінді. Осы жоба аясында ауыл тұрғындарына 7,5 мыңға жуық шағын несие берілген.