«Газа секторындағы жағдай өте күрделі»: СІМ шетелдегі қазақстандықтарға қатысты ақпарат таратты

Жарияланды

Коллаж: kursiv.media

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Газа секторындағы қазақстандықтар туралы ақпарат таратты. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Газа секторындағы жағдай өте күрделі.

«Израиль мен Палестинадағы әскери-саяси жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ҚР азаматтарын қақтығыс аймағынан шығару бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның Израильдегі, Мысырдағы және Иорданиядағы елшіліктері жұмылдырылған. 16 қазандағы жағдай бойынша Израильдегі Қазақстанның елшілігіне 100-ден астам Қазақстан Республикасының азаматы елден кетуге жәрдем көрсету туралы өтініш жасады. Олардың бір бөлігі қазақстандық дипломаттардың көмегімен елден кетіп қалды. Кеше Қазақстанның Израильдегі елшілігінің көмегімен 19 азаматымызды, оның ішінде арнайы бағдарламалар бойынша оқыған 15 баланың ұшып шығуы ұйымдастырылды. Азаматтардың қауіпсіз кетуін қамтамасыз ету мақсатында дипломаттар балаларды Изарильдің әртүрлі аймағанына әуежайға дейін жеткізуін жүзеге асырды», – деді Айбек Смадияров.

Айтуынша, Израильдегі Қазақстанның елшілігі отандастарымызды елден ұшу және әуе билеттерін сатып алу мәселесі бойынша үйлестіру жұмысын жалғастырып жатыр. Ал Тель-Авив қаласының халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

«Газа секторындағы жағдай өте күрделі. Қазақстанның Мысыр мен Иорданиядағы елшіліктері осы аудандағы азаматтарымызбен байланыста. Күнделікті негізде жергілікті билікпен отандастырымыз бен олардың отбасы мүшелерін Газа секторынан Египетке Рафах өткізу пункті арқылы шығу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ҚР-ның 67 азаматы және олардың отбасы мүшелерін қосқанда 100-ден астам адам бар. Қазақстаннан басқа 45 елдің елшілігі осындай келіссөз жүргізіп жатыр», – деді СІМ ресми өкілі.

Ол сондай-ақ Қазақстанның Израиль, Иордания және Мысардағы елшілігі ел азаматтарының қазір орналасқан жері бойынша мониторинг жүргізіп жатқанын айтты. Дипломаттар азаматтарды қауіпсіз аймақтарға шығудың ықтимал жолдары бойынша пысықтау жұмыстарын атқарып жатыр.

СІМ ақпараты бойынша, ҚР азаматтары арасында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәлімет тіркелмеген.

Айта кетейік, бұған дейін Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін екені хабарланды.

Сондай-ақ Айбек Смадияров Қазақстанның Иорданиядағы елшігінің хабарлауынша Газа секторында біздің еліміздің паспорты бар 25 азамат бар екенін айтты. Олар негізінен Палестина азаматтарына тұрмысқа шыққандар.

Содан кейін 124 қазақстандық Израильдің Тель-Авив қаласынан елге оралды.

Сондай-ақ оқыңыз