Bereke bank VISA төлем жүйесіне қайта қосылды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

Bereke Bank Visa халықаралық төлем жүйесімен жұмысын қайта бастады. Осылайша, банк клиенттері Visa және MasterCard төлем жүйелері қызметін толық пайдалана алады. Бұл туралы қаржы ұйымының баспасөз қызметі хабарлады.

Bereke Bank-тің клиенттері  жаңа Visa картасын рәсімдеп, онымен сауда орындары, мобайл қосымшалар және интернет-сайттарда сауда ақысын төлеп, қолма-қол ақшаны шешіп және әлем бойынша ұлттық және шетел валютасында жасалатын (АҚШ доллары, еуро, рубль, юань) ақша аударымдарын қоса алғанда, бүкіл онлайн операцияларды жасай алады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, POS-терминалдарда және Bereke Bank-тің интернет-эквайрингінде кез келген басқа банктің VISA карталарымен төлем жасау мүмкіндігі де жаңартылған.

«Bereke Bank үшін Visa төлем жүйесімен жұмысын қайта бастау операциялық қызметті толық қалпына келтіру үшін жасалған жұмыстардың соңы еді. Visa-ға жоғары кәсібилігі үшін үлкен алғыс білдіреміз, қысқа мерзімде жүйеге қосылу үшін орасан зор жұмыстар атқарылды. Бүгінде банктің клиенттері әлемнің кез келген нүктесінде Visa карталары бойынша цифрлық төлемдер мен транзакциялардың барлық түрін толық пайдалана алады»– деді «Bereke Bank» АҚ Басқарма Төрағасы Андрей Тимченко.

Бұған дейін Bereke Bank Mastercard төлем жүйесіне қайта қосылғанын хабарлады. Одан бөлек, мобильді қосымшада доллар мен еуродағы SWIFT аударымдарын қалпына келген. Ал маусым айына валюталық операциялар қайта оралып, клиенттер шетелдік қаржы мекемелеріне төлем, валюталық ақша аударымы және айырбастау операцияларын АҚШ долларында жүзге асыру мүмкіндігіне ие болды.

Сбербанктің қазақстандық еншілес ұйымы 2022 жылдың наурыз айында АҚШ-тың санкциясына ұшырап, халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын «Bereke Bank» деп өзгертті.

2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Bereke bank-ті сатқан кезде мемлекет жұмсаған қаражат толық өтеледі деп мәлімдеді.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, бұл банк 1,5 триллион теңге активімен ЕДБ арасында тоғызыншы орында тұр. 1,4 трлн теңгесі – міндеттемелер. Меншікті капитал 131,4 млрд теңгені құрайды

Сондай-ақ оқыңыз