Тимур Құлыбаевқа тиесілі шығыны мол компания Қызылорда облысында мұнай кен орнын өндіру құқын алды
«JOINT RESOURCES» АҚ арқылы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кристалл Менеджмент» АҚ Қызылорда облысындағы Қаракөл кен учаскесі аумағында мұнай өндіруге құқық алды. Бұл туралы «Кристалл Менеджмент» АҚ Қазақстан қор биржасына хабарлады.
«Акциялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Кристалл Менеджмент» АҚ «2023 жылдың 18 қазанында Қызылорда облысындағы Қаракөл кен орнының өндіру учаскесінің аумағында көмірсутектерді өндіруге Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі (Құзыретті орган) мен Қоғам (Жер қойнауын пайдаланушы) арасында Келісімшарт … жасалғаны туралы» KASE-ге хабарлады», делінген ақпаратта.
Компанияның мәліметінше, «Кристалл Менеджмент» АҚ мен Энергетика министрлігі арасында 2014 жылғы 7 ақпанда жасалған, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында учаске аумағында (А блогы) көмірсутегі шикізатын барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа 2023 жылғы 18 қазанда толықтыру енгізілген.
Бұған дейін, «Кристалл Менеджмент» АҚ мұнай сервистік компаниясы Астана халықаралық биржасындағы (AIX) акцияларын делистинг жасауды жоспарлап отырғанын жазған едік. Бұл туралы KASE-де жарияланған құжатта айтылған еді.
Кристалл Менеджмент» АҚ сервистік қызметі негізінен келісімшарттық аумақта мұнай операцияларын жүргізу, мұнай және газ кен орындарын пайдаланумен айналысады. Pk.uchet.kz сайтындағы мәліметтерде компанияның атом өнеркәсібі мен атом энергетикасы объектілерін қоспағанда, жылу электр станцияларымен электр энергиясын өндірумен және инженерлік жобалау саласындағы қызметпен айналысатыны жазылған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, компания 2021 жылы 947,4 млн теңге, 2022 жылы 1,66 млрд теңге, 2023 жылдың 4 тамызындағы жағдай бойынша 730 млн теңге салық төлеген. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның жарғылық капиталы 35,6 млрд теңгені, меншікті капиталы – 26,3 млрд теңгені құраған.
2023 жылдың бірінші тоқсанында компания активтерін 2 миллиард теңгеге ұлғайтып, 53,18 миллиард теңгеге жеткізді. Міндеттемелер жыл басындағы кезеңмен салыстырғанда 26,8 млрд теңгеге дейін өсті. Сату көлемі 2,5 млрд теңгені құраса, бірінші тоқсандағы таза шығыны 312 млн теңге болған.
«Кристалл Менеджмент» АҚ-на төрт бас компания иелік етеді. Оның 51 пайызын Тимур Құлыбаев «Joint Resources» АҚ арқылы бақылайды. 24,5 пайызы «Евразия Констракшн» ЖШС-не тиесілі. Бұл компания Intelligent Consulting Solutions ЖШС мен Food & Beverage Industry ЖШС иелігінде. Біріншісі – Асқар Әубәкіровтікі, екіншісі – Қайрат Қырымовтықі.
«Кристалл Менеджмент» АҚ-ның тағы 15%-ын «Позитив-А» АҚ арқылы Жұмабиқа Жылбаева басқарады. Ал Раушан Сағдиева «Fci management llp» ЖШС арқылы компанияның 9,5 пайызына иелік етеді.