Кәсіпкерді 30 мың долларға алдамақ болған күдікті Швециядан экстрадицияланды

Жарияланды
экстрадиция
Фото: shutterstock

Алаяқтыққа қатысы бар күдікті Швециядан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл жайлы
Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Экстрадицияланған азамат 2019 жылғы алаяқтық әрекеттері үшін ұсталған.

«2019 жылдың тамыз айында Алматыда өздерін Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған бір топ адам кәсіпкер ісіне тексеру жүргізіп, қылмыстық жауаптылыққа тартамыз деген желеумен 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты жымқырмақ болған», делінген хабарламада.

Олардың әрекеттерінің жолын кесу кезінде, бір күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып үлгерген. Нәтижесінде оған халықаралық іздеу жарияланған.

Оның Швецияда тұрып жатқаны анықталғанда, Қазақстан тарапының өтініш білдіріп, оны Швеция Корольдігінің құқық қорғау органдары Стокгольм қаласынан ұстаған.

«ҚР Бас прокуратурасы мен ІІМ Интерпол қызметкерлері, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен күдікті Қазақстанға жеткізілді. Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмысты жасағаны үшін осыған тектес қылмыс жасағандар мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін», деп хабарлайды прокуратура.

Осыған дейін Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі аса ірі көлемде есірткі сатқан және заңсыз сақтаған Қазақстан азаматының Германиядан экстардицияланғанын хабарлады. Дәл осындай факт бойынша халықаралық іздеуде жүрген азамат Түркиядан жеткізілді.

Ал 15 маусым күні 50 млн теңге бюджет қаржысын ысырап қылды деген күдікке ілінген Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қайсар Сарытай Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Лауазымды құзыретін асыра пайдаланған экс-шенеунікке халықаралық іздеу жарияланған болатын. Бас прокуратура күдіктіні ұстауға Грузияның Әділет Министрлігіне сұрау салып, нәтижесінде Қазақстанға жеткізілген. 

21 қыркүйекте құрылыс компанияларының жалпы сомасы шамамен 1 млрд теңге ақша қаражатын жымқырды деп күдіктелген азамат Түркияда ұсталып, елге экстрадицияланды.

Аты шулы «Оператор РОП» ісіне қатысы бар, компанияның бұрынғы құрылтайшысы Муктарова Шнар Уралгазыновна Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ,ҚР Бас прокуратурасы мен Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға жеткізілді. Ол «Оператор РОП» ЖШС бас директоры С.Коротенкомен бірге 920 млн теңге жымқырды деп күдіктеледі. 27 шілде күні сағат 19:01-де Мұқтарова Астана қаласының әуежайының аумағында ұсталып, тергеу изоляторына қамалған.

Сондай-ақ оқыңыз