Үш адам қосылып қоғамдық бірлестік құра алатын болса, бұл мүмкіндікті радикалды топтар пайдаланып кетуі мүмкін – депутат
Қазақстандықтар үш адамнан тұратын топпен қоғамдық бірлестік құра алады. Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұл Заң жобасы қазақстандықтардың кемінде үш адамнан тұратын топпен бірлесіп қоғамдық бірлестік құруына мүмкіндік береді. Қолданыстағы заңға сәйкес ол үшін кемінде он адам қажет.
«Заң жобасы азаматтық қоғамды одан әрі дамыту және жаңа қоғамдық бірлестіктер құру тәртібін оңайлату мақсатында әзірленді. Бұл жоба халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтардың бірлестіктер бостандығына құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Оған сәйкес, азаматтарға топтың кемінде үш адамнан тұратын қоғамдық бірлестік құруға мүмкіндік беру мәселесі қамтылған. Сонымен бірге қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес, заң жобасы аясында Республикалық маңызы бар қалалардың қоғамдық бірлестіктердің мәртебесі айқындалады және қоғамдық бірлестіктер құру мәселелерін құқықтық реттеуге мүмкіндік туады»,- дейді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Сонымен бірге министр заң жобасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, сондай-ақ «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты.
«Мұны демократиялық бастама деп қабылдауымыз керек. Десе де, қазір қоғамда радикалды-діни ағымдар бар. Ол топтар сіз ұсынып отырған заңға өзгерістерді пайдаланып, осы радикалды топта өзінің қоғамдық бірлестіктерін құру әрекеттеріне кірісетіні айдан анық. Олар бірлестіктерді өздері немесе басқа адамдардың атын жамылып құруы мүмкін ғой. Мұндай мәселені өкілетті орган тарапынан реттеудің қандай мүмкіндіктері бар?»- деп сұрады депутат Ермұрат Бапи.
Аида Балаева оған уайымдайтын негіз жоқ екенін, саяси партиялар мен діни бірлестіктер құру бұл заңмен емес, салалық заңнамамен реттелетінін айтты.
«Діни бірлестіктер құру бұл заң жобасының тетігіне кірмейді. Олардың өздерінің арнайы заңы бар. Мұндай бірлестіктер «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңға сәйкес құрылады. Оған сәйкес діни бірлестік құруға ниетті азаматтар жергілікті орнында 50 адам, ал республикалық деңгейде 5 мың адам жинауы керек. Сол себепті уайымдамасаңыз болады», деді министр.
Осыған дейін депутат кейінгі жылдары Ислам дінін жамылған жат ағымдар қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқыншақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап бара жатқанын мәлімдеген болатын. Оның пайымдауынша, Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездіреді.