Келемич! Путин Тоқаевтың аты-жөнінен тағы жаңылды ма?

Жарияланды

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесінің аты-жөнін әдеттегідей айта алмады. 9 қарашада екі ел арасындағы ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей президенті « Қасым-Жомарт Келемич» деп айтып қалды.

Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достығы, экономикалық байланысы жөнінде айтып өткен соң, сөз кезегі Путинге берілді. Сөз алған сәтінде Қазақстан президентінің аты-жөнінен жаңылған Ресей президенті Тоқаевтың статистикадан жаңылғанын түртіп өтті.

«Өңірлердің белсенді қатысуымен Қазақстанмен өзара тауар айналымы 2022 жылы 10%-дан асты. Бұл жерде Қасым-Жомарт Келемич 27 млрд доллар деп айтты, бірақ біздің статистика бойынша бұл сома 28,2 млрд долларды құрайды», – деді Путин.

Екінші рет Ақордада журналистерге арналған брифинг кезінде Путин Тоқаевқа Астанаға шақырғаны үшін алғыс айту барысында жаңылды. Ол сөзін «Кемель Жомартович» деп бастап, сөзін бірден түзетіп, «Касым-Жомарт Кемелевич» деп жалғады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты-жөнін айтуда Путин бірінші рет жаңылып отырған жоқ. Оның «Кемел-Жемелевичі» талай адамның есінде. Қазақстан президентінің есімін айту Ресей басшысы үшін қашан да қиын көрінетін секілді. Ол 13 қазанда Қырғызстанда өткен ТМД елдері басшылары кеңесінің саммитінде Тоқаевқа орыс тілін насихаттайтын халықаралық ұйым құру идеясы үшін алғыс айтпақ болып оқталды, нәтижесінде президентіміздің аты-жөнін тағы толық айта алмай, қиналды.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға бүгін таңертең келді. Оны әуежайдан Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Ресейге бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. 

Бұл форумда мемлекет басшысы Қазақстанда су ресурсының тапшылығын жоюға бағытталған жаңа Су кодексі әзірленіп жатқанын жариялады. Сонымен қатар Ресеймен бірлесіп, Орал, Ертіс сияқты үлкен өзендердегі бассейндерді зерттеу жұмысын жандандыруға бағытталған бірыңғай жол картасы жүзеге асырылатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз