Жеңіс Қасымбек отставкаға кетуі мүмкін бе? Астанада басқарма басшысы екі айға қамалды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Астанада қала әкімдігінің отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов қамауға алынды, деп хабарлайды Kursiv.media. Ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі растады.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Марсель Ұзақовқа қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Астана сотының баспасөз қызметі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп, Ұзақовтың қай бап бойынша қамауға алынғанын нақтыламады.

«Іс сотқа әлі түскен жоқ, қай бап бойынша түсетіні белгісіз», – деп жауап берді соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2019 жылдың 20 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен өткен кездесуде президент бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орнынан түсу институтын енгізу керек екенін айтты.

Содан кейін «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, саяси мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде, министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері егер олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, міндетті түрде отставкаға кету туралы өтініш жазуы керек.

Бұған дейін қарамағындағы қызметкерге сот үкімі шыққанан кейін Түркістан облысын басқарған Өмірзақ Шөкеев отставкаға кетті.

Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Астана әкімдігіне қарайды. Қаланы қазір Жеңіс Қасымбек басқарады.

Сондай-ақ оқыңыз