10 мың теңгелік мерейтойлық банкнота айналымға шығады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Ұлттық банк номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады. Ол ұлттық валютаның 30 жылдығына орайластырылған.

Банкнотада 19 қорғаныш элементі бар. Монета бейнеленген дизайнда негізгі голографиялық элемент – теңгенің «₸» белгісі қолданылған. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар.

Банкнотаның алдыңғы бетінде қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген Қазақстан картасы аймақтарымен бейнеленген. Банкнотаның екінші бетінде картадағы Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылған. Онда 5 мм магнитті қорғаныш жіп пен «₸» белгісі түріндегі Спарк элементі бар.

«Номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті»,- делінген хабарламада.

Сонымен қатар ҰБ тозған банкноталар мен зақымдалған монеталар заңды төлем құралы болып қала беретінін ескертеді. 

Бүған дейін теңгенің дизайны өзгеріп, оған Ұлттық Банк Төрағасының қолы қойылатыны хабарланды.

Ұлттық валютамыз 2021 жылға дейін Қазақстан теңгесі қатарынан 3 рет үздік банкнот атанған.

Сондай-ақ оқыңыз