Freedom Holding басшысы – жасанды интеллект туралы: «Технология жаңарған сайын қызметкерлер саны да артып келеді»
Жасанды интеллектің қаржы саласындағы жұмыс күшіне ықпалы туралы Freedom Holding Corp. басшысы және негізгі акционері Тимур Турлов Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресінде айтып берді. Оның пікірінше, жасанды интеллект қызметі адамдардың еңбек күшіне деген сұранысының азаюына ықпал етеді деп қауіптенудің қажеті жоқ.
«Қазір бәсекенің күшеюін барлығымыз сезініп отырмыз. Сондықтан біз еңбек өнімділігін арттыру мақсатында жұмыс істеуге мәжбүрміз. Сондықтан қызметкерлердің жүктемесін азайту үшін, тағы да мамандарды жұмысқа аламыз. Бұл өзі қызық үрдіс. Өйткені операциялық тиімділікпен жұмыс істеудің нәтижесінде бізде үнемі штат саны өсуде. Осылайша, бизнесті автоматтандырып, қызметкер санын азайту мақсатында қаншалықты көп күш жұмсасаң, мамандар саны да соншалықты ұлғаяды және бизнесті автоматтандыру бұрынғыдан да арта түседі», – деді Тимур Турлов.
Оның айтуынша, бүкіл әлемде реттеушілер тарапынан қаржы жүйесіне, мысалы үшін қаржылық бақылау тұрғысынан қойылатын талаптар күшейді. Сондықтан да, оған сай болуы үшін IT-мамандарға деген сұраныс артты.
«Мұнда 20-30 жыл бұрын біздің банктердің ойына тіпті кіріп-шықпаған жаңа функционал көп. Қазір көрсетілетін қызмет түрі де алуан, анағұрлым жылдам және соншалықты нақты. Біз өзіміздің, қызметкерлеріміздің уақытын үнемдейміз, қайталанатын, түсініксіз жұмыстарды жойып отырамыз. Жұмыстың сипаты да өзгерді, ол шығармашылыққа айнала бастады. Жыл өткен сайын біздің жұмысымыз күрделеніп барады және бұл бағдарлама жасаушылар үшін жаңа жұмыс орнын ашуға итермелейді. Олар қаншалықты кәсіби маман болса, олардың еңбек өнімділігі де соншалықты жоғары болады. Түптеп келгенде ол баршамыз үшін де тиімді»,– деді Тимур Турлов.
Сонымен қатарҚазақстанның ұлттық валютасы теңгенің 30 жылдығына орай Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресіне қатысушылар қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жүргізу, макроэкономикалық тұрақтылық пен фискалдық тәртіп мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, күн тәртібінде – қаржы нарығын дамыту, қаржы секторының киберорнықтылығы мен қаржы нарығының жаһандық өзгерісіндегі инновацияның рөлі де бар.
Жиын аясында Ұлттық банк цифрлық теңге жобасының таныстырылымын өткізді. Сондай-ақ Ұлттық банк теңгенің 30 жылдығына орай шығарылған жаңа банкноттар сериясын таныстырды.