Bittrex Global криптобиржасы 4 желтоқсаннан бастап жұмысын тоқтатады
Әлемдегі ірі криптобиржалардың бірі Bittrex Global өзінің қызметін біржола тоқтату туралы шешім қабылдады.
«Қызметтің тоқтауына байланысты 4 желтоқсаннан бастап клиенттер өз активтерін шығарып ала алады», – деп жазды биржа сайтында.
Bittrex Global клиенттері активтерін тікелей долларда шығара алмайды. Егер олардың баланстары долларда болса, оны 4 желтоқсанға дейін еуроға немесе криптовалютаға аудару керек.
Биржаның жұмысын тоқтауының басты себептерінің бірі АҚШ заңнамасына жасалған өзгерістермен, криптобиржаларды тексерудің басталуынан болып отыр. АҚШ Әділет министрлігі санкцияға ілінген Ресей мен Иран азаматтарына американдық нарықта сауда жасауға мүмкіндік береді деген күдікпен криптобиржаларды тексеруді бастаған.
Осыған дейін Binance криптобиржасының басшысы айыптаулардан кейін қызметінен бас тартқанын жазған едік.
Айта кетейік, Binance криптобиржасы цифрлық теңгеге байланған стейблкоинді тест режимінде іске қосқан еді.