Түркістанда шенеунік 326 млн теңге тұратын жерді заңсыз рәсімдеді деген күдікке ілінді

Түркістан облысы Төлеби ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасы аудан қорындағы жерді заңсыз рәсімдеп, алаяқтықпен иемденіп алды деген күдікке ілінді.
Облыстық прокуратура іс бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Күдікті азамат уақытша тергеу изоляторында отыр.
«Қылмыстық іс бойынша ауданның Жер қатынастар бөлімінің басшысы, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, осы бөлімнің бұрынғы басшысымен алдын-ала сөз байласу арқылы нарықтық құны 326 млн теңге құрайтын 200 га астам құнарлы жер учаскелерін заңсыз рәсімдеді деген күдікке ілінді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Осыған дейін прокуратура 12 адам жалған диплом көмегімен «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы бойынша 30 млн теңгеге жуық ақша алғанын анықтаған.
Ұлытау облысының прокуратурасы Жезқазған қаласында 223 млн теңге бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісін анықтап, іс бойынша тергеу жұмыстары басталды.